Тоқаев Конституциялық соттың жұмысын одан әрі қалай жетілдіру керек екенін айтты
Сурет: akorda.kz
Президент азаматтар кейбір заңның және басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қажетіне назар аударып жатқанын айтты. Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек деген сөз.
"Бұл ретте жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет. Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Мәжіліс депутаттарының заң шығаруға бастамашылық жасау құқығы бар. Олар осы құқықты пайдаланып, нормативтік актілерге түзетулер енгізе алады".Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының сөзінше, Омбудсмен мен Арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет. Олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу әлеуетін арттыру маңызды. Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруы қажет.
"Уәкілдердің басты міндеті – азаматтардың мүддесі мен құқықтарын табанды түрде қорғау және ілгерілету. Бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі балалар мен отбасына төнетін қатерлерді жоюға тиімді ықпал етуге тиіс. Ол үшін осы саладағы уәкіл қоғамдық және мемлекеттік институттарды ұйыстыру мүмкіндіктеріне ие болуы керек. Үкімет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтауы қажет". Тоқаев
Мемлекет басшысы өкілдіктердің әкімдерге функционалды тұрғыда бағыныштылығын төмендету және Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді тағайындау кезінде Бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің рөлін күшейту маңызды екенін қоса кетті. Президенттің айтуынша, жақында Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.
"Бұл жұмыста инклюзивтілікті дамытуға баса назар аудару керек. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Мысалы, Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған жерасты өткелі салынды. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Уәкіл олардың әлеуметтік тұрғыда бейімделуі үшін инфрақұрылымды дамытуға қатысты жобалар әзірледі. Үкімет оларды қолдау және жақын арада жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруы керек. Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты маңызды міндет жүктеледі", - деді мемлекет басшысы.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript