Ерлан Нысанбаев ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды
Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына Нысанбаев Ерлан Нұрәлиұлының кандидатурасы келісілді, деп мәлімдеді Парламенттің баспасөз қызметі.
Артынша мемлекет басшысы Ерлан Нұралыұлы Нысанбаевты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ерлан Нұрәліұлы Нысанбаев 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (1983) "орман шаруашылығының инженері" мамандығы бойынша, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін (2008) "қаржыгер" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Ұйғыр ауданында орман шаруашылығының шебері болып бастаған, Ұйғыр аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушінісінің орынбасары, Алматы облыстық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісінің орынбасары,"КРАМДС-Агро" ғылыми-өндірістік фирмасының бас маманы, "Ақжол-ИМПЭКС" сыртқы сауда фирмасының директоры, "Нысана" шаруа қожалығының төрағасы, "Сельхозэнерго" АӨБ бастығы қызметтерін атқарған.
2000 жылдан Атырау облысы әкімінің аппараты "ШБ" КМҚК әкімшілік-шаруашылық қызметі департаментінің бастығы, "Лейер" ЖІЖ директоры, "Автоцентр ЖШС директоры, "Жасылқұрылыс" ҚКК директоры, "Астана-Жасылқұрылыс" АҚ бас директоры, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы Тұзды ауылдық округінің әкімі болған.
2009 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.