Жаңалықтар тізбегі
0

"Неге айтпайсың парақор әкімдерді". Намазхандарды алаяқ деген депутаттың басы дауға қалды

Намазхан, Ринат Зайытов, Балғынбек Имаш, әлеуметтік желі, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.09.2023 20:55 Сурет: mazhab.kz
Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының өкілі Ринат Зайытовтың "Алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған намазхандар қауымы" деген мәлімдемесіне өлеңмен жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өз жауабын айтыскер ақын Instagram-дағы парақшасында жариялады.

Ол, әу баста, кезіндегі әріптесі, қазіргі депутат Ринат Зайытовты қорғайын деп желіге кіргенін, алайда оның дінге қатысты мәлімдемесін көргенде ойын түбегейлі өзгерткенін айтады.

Дүмше депутатқа!

Ермановтың кешегі "мықты" ақыны,

Ей, Зайытов Ринат Рифхатұлы!

Қаһарынан Құдайдың қорықпайтын,

Жаңа Қазақстанның вип "батыры"…


Басқа шығып барасың үндемесек,

Лақтырасың тасадан дінге кесек.

Кішірейіп кешірім сұрай салсаң,

Жанған отты өршітіп үрлемес ек.


Сұра десе кешірім бұлданасың,

Жасалды деп шабуыл жынданасың.

Мансабың да уақытша, атағың да,

Құдай үшін қауқарсыз құл ғанасың!


Сәжде қылған маңдайды алаяқ деп,

Жалған айып тағасың оңай-ақ кеп.

Ауызыңда бес хадис, он аят жоқ,

Жүрегіңді айтасың қалай ақ деп?


Алатауда жүр едің жалаңаяқ,

Депутат қылды сені "ағаң" аяп.

Сен барған соң "Аманат" түзелді ме,

"Нұротанның" деуші ең ғой бәрі алаяқ?


Негізінде білімсіз, ойша нәнсің,

Келген сөзді аузыңа дей саларсың.

Адамның да заңынан хабарың жоқ,

Алланың да дінінен бейхабарсың.


Қосановпен қатырдың дым демедік,

Қошановқа шақырдың үндемедік.

Мың сүрініп жатсаң да ақындықпен,

Ақталуды білесің бірдеңе ғып.


Ата дінмен алысқан Мәжілісмен,

Айыптадың бауырды ауыр іспен.

Елдің жауы мұсылман қауым емес,

Жау іздесең шатаспа әдірістен!


Елдің жауы - жемқорлар төбедегі,

Елдің жауы - тышқандар кемедегі.

Ұрыға емес құрығын дінге салған,

Депутаттың сенбісің көрегені?


Парламентте сен болсаң ең ақылды,

Неге қазір жармайсың қара қылды?

Неге айтпайсың парақор әкімдерді,

Неге айтпайсың зинақор, педафилді?


Дін - Аманат, елді одан кім тия алат?

Діл - Аманат, кім оны сілки алат?

Партияны ұятқа қалдырдың да,

Аманатқа жасадың шын қиянат!


Сөйлей берме ойыңша жорып қана,

Бере алмайсың сен дінге толық баға.

Шын мұсылман қиянат жасамайды,

Бізден емес Құдайдан қорық, бала!


Құлақкесті Құдайдың құлы, Ринат,

Жала жауып жасадың ірі ғибат.

Мүміндерге мың бәле жапқаныңнан,

Ар-Рахманның қалмайды Діні қирап.


Сұрамаймыз біз сенен қимасыңды,

Жамағатты жау санап, жима ашуды.

Қателікті мойындап момын болсаң,

Тәубеге кеп, Аллаға и басыңды!


Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Facebook-тегі парақшасында өзіне "ақпараттық шабуыл" басталғанын жазады.

"Кейінгі екі күнде маған қарай екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталды. Оны өзім де күткенмін. Себебі оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019-ыншы жылдары да жасалған. Жасырмаймын, оңай емес. Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы, осы жолғы шабуылдың тақырыбы менің намаз оқып жүріп, алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі — мені қорқыту, екіншісі — менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу. Сөз жоқ, ақылды жүріс. Екеуінің біреуіне жеткенше, олардың тоқтамайтынын да білемін. Тәуекел. Маңдайға жазғанын көреміз...", делінген ақын жазбасында.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: