Тоқаев ҚХР төрағасы атынан ұйымдастырылған ресми қабылдауға келіп жетті
Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі "Бір белдеу, бір жол" форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвпен, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сурет: Ақорда
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізгені хабарланған болатын. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арадағы тауар айналымы көлемін 40 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті екені белгілі болды.