Жаңалықтар тізбегі
0

НЗМ мемлекеттік аудиті 274 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады

НЗМ мемлекеттік аудиті 274 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2024 16:21 Сурет: Жоғары аудиторлық палата
Жоғары аудиторлық палата отырысында 2019-2023 жылдардағы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өткендей, осы жылдар ішінде НЗМ бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген: кәсіби педагогтардың үлкен ұжымы қалыптасты, оқытудың тиімді әдістемелері жасалып, ғылыми зерттеулер жолға қойылды. Алайда қазіргі заманғы оқу бағдарламалары мен табысты тәжірибені орта білім беру жүйесіне тарату бөлігінде елеулі проблемалар мен кемшіліктер орын алған.

"Жалпы есепті кезеңде Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Атап айтқанда, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибені тарату нәтижесіне қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбеген",- деп атап өтті отырыста.

Мұның маңызды бөлігі – жалпы білім беретін мектептерге НЗМ әзірлеген оқулықтарды енгізу. Бірақ салалық министрлік мақұлдаған білім беру процесіне арналған 3 мыңнан астам оқулықтың небары 67 немесе 2% ғана НЗМ үлесіне тиесілі. Осылайша, ұйымның орта білім беру жүйесін дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы нәтиженің бөлінетін қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтініне назар аударды.

"Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған", – деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық қорытындыда көрсетілгендей, тұтастай алғанда НЗМ қаржыландыру механизмі қаражатты пайдаланудың ашықтығын, есептілігін және нысаналы сипатын қамтамасыз етпейді.

"НЗМ-де іс жүзінде жүргізілмеген іс-шаралардың жоспарланғаны анықталды. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады. Бұл ретте пайдаланылмаған қаражатты кейінгі қаржы жылдарына ауыстыру мүмкіндігі бюджетті жаңа жоспарлау кезінде әрдайым ескеріле бермейтін бюджет қаражаты қалдықтарының едәуір көлемінің қалыптасуына алып келді. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27-ден 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған". Жоғары аудиторлық палата

НЗМ өткізген сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау және т.б. жағдайлар орын алған. Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері және бөгде ұйымдардың коммерциялық ұсыныстарының негізінде тауарларды жоғары құны бойынша сатып алу фактілері анықталды.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ақпараттық-білім беру ортасын дамытуға шамамен 2 млрд теңге бағытталған. Алайда аудит барысында конкурстық іріктеу, аттестаттау және т.б. негізгі бизнес-процестер автоматтандырылмаған.

Жалпы мемлекеттік аудит 274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Қаражатты тиімсіз жоспарлау 8,3 млрд теңгені, тиімсіз пайдалану шамамен 6 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды.

"Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді",- деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов НЗМ нақты есептеулермен бюджеттен сұратылған барлық қаражатты негіздеуі қажеттігін атап өтті. ДБҰ-ға қойылатын талаптар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірдей болуы керек. Аудит анықтаған кемшіліктер бойынша жұмыс жүгізіліп, жойылуы тиіс. Бұл мәселе Жоғары аудиторлық палата бақылауында болады.

Ақпарат ретінде: мемлекеттік аудит барысында анықталған "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ қызметіндегі бұзушылықтар мен кемшіліктер қаржы-шаруашылық және ұйымдастыру мәселелеріне қатысты, ал мектептердегі оқу процесін қозғамайды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жоғары аудиторлық палатасы ҚР Үкіметінің 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды жариялады. 350 беттік құжатта ел экономикасы, оның жетістіктері мен проблемалары толық баяндалған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: