Үкімет жанынан Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жобалық кеңсе құрылады
Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын салу мәселелері талқыланды, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қала құрамына шағын аудандарға айналдырылған 12 елді мекен кірді, Алатаудың Бас жоспары бекітілді, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық органдары құрылды. Жалпы ауданы 88 мың гектарды құрайды, халқы 54 мыңға жуық адам.
Сурет: primeminister.kz
Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов бүгінгі күні қалада логистика, медицина және тамақ өнімдерін өндіру саласындағы жобалар іске асырылып жатқанын баяндады. 6 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 12 инвестициялық жоба үшін жер учаскелерін Арнайы экономикалық аймақтың қарамағына беру жоспарлануда. Сондай-ақ 5,8 мың гектар аумақта негізгі ірі жобалар орналасатын болады. Оларды құру және инвесторларды тарту үшін бірқатар рәсімдердің мерзімін қысқарту қажет.
Қанат Бозымбаев баяндамаларды тыңдап, Алатаудың дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Сондай-ақ ол министрліктердің, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құруды тапсырды. Ол Алатаудың өмір-тынысы мен жұмыс үшін инвестицияларды тартуға жағдай жасау бойынша мәселелерді жүйелі негізде шешетін болады.
Вице-премьер жобалау-сметалық құжаттаманы, салалық инфрақұрылымдық схемаларды әзірлеуді жеделдетуді тапсырды. 10 жұмыс күні ішінде әкімдік инвесторларды тарта отырып, даму жобаларын (зауыттар, фабрикалар, әлеуметтік және объектілер) анықтап, келесі жылы оларды қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі қажет.