Мемлекет басшысы Хромтаудағы "Болашақ" шахтасының жұмысымен танысты
Сурет: akorda.kz
Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді.
Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов "Болашақ" шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.
Кәсіпорын "Миллионное" және "Алмас-Жемчужина" кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады.
Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты "Болашақ" шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.