"Қара жәшік": Сарапшылар Қазақстан шешіміне қатысты пікір білдірді
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ медиа жобалар бөлімінің басшысы Жанна Төлендинова Facebook-тегі парақшасында қазақстандық билік қалыптасқан қиын жағдайда шешім қабылдағанын жазды.
"Біріншіден, Бразилия апатқа ұшыраған Embraer ұшағын жасап шығарған ел ретінде "қара жәшіктегіні" оқуға барлық қажетті техникалық мүмкіндіктерге ие. Екіншіден, Бразилия тергеудің объективтілігін қамтамасыз ете алатын мүдделі емес тарап екені анық". Жанна Төлендинова
Саясаттанушы бұл ретте Қазақстан өз шешімін Әзірбайжанның да, Ресейдің де авиациялық билік орындарымен келісе отырып, сондай-ақ өзі мүшесі болып табылатын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынымдарына толықтай сай әрекет еткенін айтты.
"Чикаго конвенциясының 13-қосымшасының стандарттарына сәйкес, ұшақ апатына тергеу жүргізетін мемлекет, ал бұл Қазақстан екенін ескерте кетелік, борт жазбаларын оқуды қамтамасыз етеді және "қара жәшіктерді" оқу және транскрипциялау үшін өзге елді таңдау туралы шешім қабылдайды. Осылайша, біздің еліміздің іс-әрекеті заң тұрғысында мінсіз". Жанна Төлендинова
Саясаттанушы Эдуард Полетаев бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті. Ал Президент бұған дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен де, сол секілді РФ президенті Владимир Путинмен де келіссөздер жүргізіп, олармен үнемі тікелей байланыста. Осы жағынан алғанда, Қазақстан ұшақ апатын тергеуде объективтілікті жақтайды.
"Шын мәнінде, борттағы жазбаны оқу үшін "қара жәшіктерді" Бразилияға жіберу туралы шешім Қазақстанның тәуелсіздігінің, егемендігінің және ашық ойының көрінісі болып табылады. Азаматтық авиацияның бас директорлары конференцияларының бірінде "кез келген мемлекет өз аумағының үстіндегі әуе кеңістігінде, соның ішінде шетелдік операторлардың әуе кемелерінің ұшуларында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты" деп айтылып, бұл баршаға танылған", деп жазды Эдуард Полетаев Facebook-те.
Сарапшы мемлекеттердің өз аумағындағы әуе кеңістігіне егемендік қағидатына және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін көліктерді таңдау құқығына қарамастан, қауіпсіздікке қойылатын бірыңғай талаптарды сақтамай, халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуі мүмкін емес деп санайды.
"CENIPA тергеу комиссарлары Ақтауға 28 желтоқсанда келді. Келесі күні Ильхам Әлиев қазақстандықтарға алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан зардап шеккендерді құтқару кезіндегі ерлігі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады. Ұшақ апаттары бүкіл әлем үшін үнемі басты жаңалығы болуда, өйткені ұшақ жасау саласындағы жетілдірілген технологияларға, ұшқыштардың кәсібилігінің жоғары деңгейіне қарамастан, апаттар әлі де орын алуда, көптеген құрбандар, көзі жойылған техника бар. Aviation Safety Network мәліметтері бойынша, әлемде ұшу қауіпсіздігі артып келеді және бұл әуе жолаушылары ағынының өсуін ескергенде. Алайда, әр авиакомпания алдын алуға кепілдік беру үшін ұшақтың апатқа ұшырауының нақты себептері тым көп", - дейді сарапшы.
Қазақстан апатқа ұшыраған Embraer-дің "қара жәшіктерін" Бразилияға беру туралы қабылдаған шешімге қатысты белгілі журналист Андрей Зубов та ой қозғайды.
"Әзербайжан ұшағының апаты қауесет пен қисық-қыңыр пікірлерге ұласуда. Шынымды айтсам, авиация саласы туралы дым білімі жоқтардың қайғылы оқиғаны осылайша "хайпқа" айналдыруын түсіне алмаймын. Менің ойымша, Қазақстан Бразилияға "қара жәшіктерді" бергені дұрыс, бұл апат туралы барлық арандатушылықтар мен қауесеттерді жоюға көмектеседі". Андрей Зубов
Сондай-ақ сарапшы ұшақтың құлау фактісі саяси талқыны қыздырып жібергендіктен Қазақстан сындарлы шешім қабылдағанын атап өтеді."Әзербайжан басшысының эмоционалды сөзі болды, мұхиттың ар жағынан айтылғандарды да естідік, Ресей тарапынан кешірім сұралды және т.б. Бұл мәлімдемелердің барлығы бір нәрседен басқа ештеңені білдірмейді: Қазақстан тағы да саяси жанжалдарға тартылуда және апатты тергеу ісінде оған бірнеше тараптан қысым жасалмайтындығына да кепілдік жоқ. Бұл жерде, әрине, Қазақстан басшылығының оң іс-қимылын атап өту қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер, Ресей мен Әзербайжан арасында күрделі мәселеде еріксіз делдал болуда. Ол өзінің жоғары дәрежелі дипломат екенін тағы да растады".Андрей Зубов
Айта кетсек, қайғылы оқиға 25 желтоқсанда түсте болды. Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша, 67 адамның 29-ы аман қалды, 38 жолаушы қаза тапты, олардың ішінде ұшақ экипажы да бар. Ұшақта Қазақстанның алты азаматы болғаны белгілі болды, өкінішке қарай олардың барлығы мерт болды. Апаттың мән-жайын тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. 28 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтау маңында апатқа ұшырап, ауруханаға түскен зардап шегушілерге көмектесу үшін қан тапсыру шарасын қорытындылады. Министрдің айтуынша, екі күннің ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырды. 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті. Кеңесте Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндетін жүктеді.