Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Бразилия "қара жәшіктерді" зерттеп болды
Бұл туралы Бразилияның G1 порталына ведомстводағы дереккөздер жеткізген.
"Екі "қара жәшіктен" деректерді алу, жинау және тексеру аяқталды", – деп жазады басылым.
Материалдарды Бразилияның үш тергеушісі, сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресейден келген агенттер талдағаны нақтыланады.
O Globo газеті атап өткендей, ведомство Қазақстан билігіне тиісті ақпараттарды жөнелтіп үлгерген. Ол авиациялық оқиға туралы қорытынды есепте жарияланады.
Айта кетсек, 2025 жылдың 4 қаңтарында Бразилияда мамандар Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың борт жазбаларын зерттеуге кірісті. "Қара жәшіктерді" Қазақстан Бразилияға 2024 жылғы 30 желтоқсанда жөнелтті. 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында ұшақ құлады. Бортта 67 адам болды, олардың 29-ы аман қалды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев құлаған ұшақтың жолаушыларын құтқару кезінде батылдық пен кәсібилік танытқан Қазақстан азаматтарының бір тобын марапаттады.