Тоқаев қорғаныс министріне әскердің жауынгерлік әлеуетін арттыруды тапсырды

Бұл туралы 2025 жылдың 29 қаңтарында Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының былтыр атқарған қызметі туралы есеп берілді.
Мемлекет басшысына армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйі мен әскерлерді даярлаудың жаңа тәсілдері жөнінде баяндалды.
Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту барысы жайында айтты. Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге армияның жауынгерлік әлеуетін көтеруге, басқару үдерістерін одан әрі цифрландыруға, Арнайы операциялар күштерін дамытуға, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстарды күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.
24 қаңтарда Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, ол 2024 жылға арналған ақша-кредит саясатын іске асыру қорытындылары және ақша-кредит реттеушісінің 2025 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.