Президент қазақ тілінің мәртебесін одан әрі нығайтуға және дамытуға бағытталған заңға қол қойды

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген 2025 жылы 10 ақпандағы Ақорданың баспасөз хабарламасында.
Заңмен қазақ тілінің мәртебесін одан әрі нығайтуға және дамытуға бағытталған нормалар көзделіп отыр. Заң мақұлданған жағдайда Ұлттық сөздік қор мен Ұлттық тіл корпусы құрылып, лексикалық қор жүйеленетін болады. Жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) әзірленіп және мұнымен айналысатын арнайы ұйым белгіленеді. Бүгінгідей озық цифрлық технологиялар дамыған уақытта, аталған жаңашылдық ерекше маңызғв ие. Енді бұрынғыдай Терминкомның тізімін теріп, сөздіктер ақтарып отырмайсыз, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің бас анықтамалығы сияқты болады. Бұл, қазақ тілінің бай лексикалық құрамын жүйелеуге, сақтауға, зерттеуге мүмкіндік береді және цифрлық ортада қолданылу аясын ерекше арттырады.
Сонымен қатар, заң аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беруді және «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл шаралар жастардың білімге ұмтылысын арттыруға, болашағынан ерекше үміт күттіретін, өзгеше ойлап, ертеңіне сеніммен өсіп келе жатқан дарынды жастарымызды қолдауға бағытталған.
Заңмен, тәлімгерлік институтын жетілдіруге бағытталған нормалар қаралып, тәлімгерлерді оқыту, қызметін қолдау және балалардың құқықтарын қорғау стандарттарын реттеу көзделеді.
Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 77 білім беру ұйымдарында 2962 бала тәрбиеленуде, олардың тек 330-де тәләмгер бар. Заңның қабылдануы, осы балаларымыздың құқығын қорғаудағы тағы бір сәтті қадам десек те болады.
Сондай-ақ, Заңмен білім беру саласындағы уәкілетті органның бірқатар құзыреттері нақтыланады.