Тоқаев сәлемдемелерді үшінші тұлғалардың алуына рұқсат беретін заңға қол қойды

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген 2025 жылы 10 ақпандағы Ақорданың баспасөз хабарламасында.
Бұл заң жобасын Сенат депутаттары 2024 жылғы 30 қаңтарда екінші оқылымда мақұлдады.
Сенатор Әлібек Наутиев қаралып отырған заң пошта, мемлекеттік қызметтер көрсету, сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Пошта саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде мыналар көзделеді:
- Пошта жәшіктері арқылы жіберілетін қарапайым хаттар көлемінің жыл сайынғы төмендеуіне байланысты пошта жәшіктері бойынша ережелер алынып тасталады.
- Бұл ретте заңмен ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде постоматтарды орналастыру мәселелері реттелген. Айта кету керек, заңда абоненттік жәшіктерге қатысты нормалар сақталады.
- Пошта операторларының қызметтерін пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін ПИН-код арқылы адресаттың келісімін алу немесе QR-кодты оқу арқылы пошта жөнелтілімін үшінші тұлғаларға тапсыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Ұлттық оператор, яғни "Қазпошта" АҚ Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау және сақтау құқығына ие.
"Заңда "құндылығы жарияланған пошта жөнелтімі" ұғымы енгізіледі және осындай жөнелтілімдерге байланысты пошта операторларының жауапкершілігінің басталу шарттары нақтыланады. Субсидиялау тетігін жетілдіру мақсатында әмбебап байланыс қызметтерінің тізбесінен тіркелмейтін бандерольді және пошта карточкасын жіберу жөніндегі қызметтер алынып тасталады. Осылайша, бұл қызметтер өзектілігіне байланысты субсидияланбайды. Айта кету керек, соңғы бес жылда мемлекеттің әмбебап қызметтерді субсидиялау көлемі 3,4 млрд теңгеден 654 млн теңгеге дейін төмендеді. Заңмен жергілікті атқарушы органдарға пошта байланысы бөлімшелерін сақтауға жәрдемдесу шараларын көрсету бойынша құзырет беріледі. "Қазпошта" бөлімшелерді жабу туралы шешім қабылдаған кезде әкімдіктерді болжамды жабылу күнінен кемінде үш ай бұрын хабардар етуге міндетті", – деп толықтырды Әлібек Наутиев.
Ол "Қазпошта" деректеріне сәйкес Қазақстанда 2834 пошта бөлімшесі жұмыс істейтінін атап өтті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделін әзірлеуді қарастыратын заңға қол қойғаны хабарланған.