Тарих – көркем шығарма емес, ол өмірдің айнасы - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі

Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі -  Ерлан Карин, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.07.2025 15:43 Сурет: akorda.kz
2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласы жарық көрді. Ерлан Қарин содан бергі жасалған жұмыстарды тізіп, әсіресе, пре­зи­денттің халықтың тарихи санасын жаңғырту маңызды деген ойына қосылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін 2025 жылдың 11 шілдесінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның Egemen Qazaqstan газетінде "Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі" мақаласы жарыққа шықты.

Онда Ерлан Қарин 2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласын тілге тиек етеді. Әсіресе пре­зи­денттің халқымыздың тарихи санасын жаңғырту айрықша маңызды екеніне тоқталады.

Ерлан Қарин өткен замандарда, әсіресе орта ғасырларда, Орта Азия өңірі әлемдік ғылым мен философияның, мәдениеттің іргетасын қалаған ұлы ойшылдар мен ғұламалардың ордасы болғанын алға тартады.

"Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сияқты дарын иелері өз заманында әділдік, адамгершілік, рухани құндылықтарды насихаттап, адамзат тарихына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында қалыптасқан бұл рухани дәстүр ғасырлар бойы үзілмей жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жетті. Ұлы ойшылдарымыздың еңбектері бүгінгі күнге дейін өзектілігін сақтап, адамзат өркениетіне үлкен ықпалын тигізуде. Бұл ұлы мұра — тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ рухани байлығы." Ерлан Қарин

Ерлан Қаринның пайымдауынша тарих ғылымы үнемі жаңарып, дами береді. Жаңа деректер табылып, тың зерттеу тәсілдері пайда болады. Осыған байланысты тарихқа қатысты кейбір маңызды мәселелерді ескеріп жүруіміз қажет деп санайды.

Біріншіден - тарих, ең алдымен, ғылымға сүйеніп жазылуы тиіс. Бір мифті жоққа шығару үшін екіншісін қолдан жасауға жол беруге болмайды.

Ақиқатын айтсақ, кейбір адамдар тарихи оқиғаларды, үрдістерді немесе тұлғаларды шектен тыс мадақтап, асыра көрсетуге бейім. Мұндай әрекеттер қоғамда келіспеушілік пен дау туғызады. Кейде болмаған оқиғаны болды деп, тексерілмегенді шындық деп қабылдауға тырысатындар кездеседі. Кейбіреулер ұлт мүддесіне емес, ата-бабасын мадақтауға көбірек мән береді. Тарихи көркем туындыларды шынайы дерек көзі ретінде қабылдайтындар да бар. Бірақ ұмытпаған жөн – тарих көркем әдебиет емес. Сондықтан мұндай қателіктерге бүкіл қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет.

Екіншіден – тарих объективті көзқараспен жазылуы керек. Бір тұлғаны мадақтау үшін басқаны төмендетуге болмайды. Әр дәуірдің тұлғаларын өз кезеңінің ерекшелігімен бағалау қажет. Олар заман талабына сай әрекет етіп, өз миссиясын орындады.

Сол сияқты бір тарихи кезеңді екіншісіне қарсы қою да дұрыс емес. Әр уақыттың өз шындығы, өз ерекшелігі бар. Замандарды салыстыру қоғам ішінде келіспеушілікке әкеліп, бірлікке сызат түсіреді.

Үшіншіден – әр кезеңнің тарихшылар алдында қойған өз міндеттері болады. 90-жылдары басты мақсат – бұған дейін жабық болған, зерттелмеген тақырыптарды ашу еді. Бұл — сол уақыт үшін өте орынды шешім болды. Бүгінгі тарихшылардың алдында да маңызды міндеттер тұр. Мемлекет ғылымға араласпайды, керісінше, оның дамуына жағдай жасап отыр. Бірақ зерттеу тек бір ғана тұжырымға сүйенбеуі керек. Ғалымдар түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, тарихты кең ауқымда зерделеуге тиіс. Халқымыздың тарихын әлем өркениетінің маңызды бөлігі ретінде көрсету – басты мақсаттың бірі. Сонымен қатар ұлттық тарихты еліміздің қазіргі даму жолымен сабақтастыра отырып, насихаттау маңызды.

Төртіншіден - Әлихан Бөкейхан айтқандай, "Тарих – түзу жолды көрсететін ұстаз". Сондықтан кәсіби тарихшылардың беделін арттыру, олардың еңбегін қолдау – мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте кәсіби стандарттарды қалыптастырып, оларды нақты ұстану қажет.

Соңғы жылдары қоғамда тарихқа деген қызығушылық артып келеді. Бұл — жағымды құбылыс. Алайда осы мүмкіндікті пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы тарихи тақырыптарды терең білмей-ақ түсіндіргісі келетін әуесқойлар да көбейді. Подкасттар, бейнероликтер, түрлі пікірлер көптеп таралуда. Әрине, халыққа тарихты танытуда олардың да рөлі бар. Бірақ тарихи шындықтың бұрмаланбауы – аса маңызды мәселе.

"Өкінішке қарай, бүгінде жалған ақпарат тарататын "псевдо-тарихшылар" да пайда болды. Олар негізсіз, қисынсыз пікірлер арқылы жұртты шатастырып жатыр. Мұндайға жол бермеу керек. Шынайы білімді, кәсіби тарихшылар ғана халықтың тарихи сауатын көтере алады." Ерлан Қарин

Соңғы жылдары елімізде саяси және экономикалық ауқымды реформалар жүріп жатыр. Бұл өзгерістер қоғамның санасына да әсер етуде.

Қазір "адал азамат" идеологиясына негізделген жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. Бүгінгі тәуелсіз елде өсіп келе жатқан жастар – еркін ойлы, жаңаша ойлайтын буын. Олар халқымыздың терең тарихын терең біліп өсуі тиіс. Бұл — мақтану үшін емес, өткеннен сабақ алып, болашаққа сеніммен қадам басу үшін қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Тарихты білу – өткенмен өмір сүру емес" деген сөзі орынды. Иә, тарих – біздің санамыздың, ұлттық болмысымыздың маңызды бөлігі. Біз өткенімізден тағылым алып, сол арқылы болашақта қателікке бой алдырмай, ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыруымыз керек. Осы идеяны жас ұрпақтың санасына сіңіру – ортақ парызымыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: