Украина тарапының бастамасымен Тоқаев Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті

Ақорда, Украина, Тоқаев, Зеленский, телефон арқылы сөйлесу, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.08.2025 15:39 Сурет: primeminister.kz
Киев тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 10 тамызда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне және тіліне ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Украинада халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі екенін жеткізді.

Атап айтқанда, Президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі түрде пікір білдіргенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды.

Мемлекет басшысы тараптар "Жанжалдан, жаман болса да бітім артық" деген көнеден келе жатқан даналыққа сай әрекет етуге тиіс деп санайды.

Қазақстан Президенті территориялық түйткілдің күрделі екенін түсінетінін айтты. Бұл – халықаралық қатынастардағы ең қиын мәселе. Көбіне бейбітшілік туралы келісімге қол жеткізу, тіпті бітімге келу жолында еңсерілуі қиын кедергіге айналады. Бірақ қазіргі ең басты міндет – қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беру арқылы Украина елінің мемлекеттілігін сақтау.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға ниетті екенін атап өтті.

Айта кетсек, 2025 жылы 8 тамызда Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен болатын. Путин әңгіме барысында Тоқаевқа Трамптың арнайы өкілімен жүргізілген келіссөздер туралы айтып берді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: