Ақтөбе облысында мас күйінде көлік басқарған екі мотоцикл жүргізушісі ұсталды
Фото: Zakon.kz
Мәртөк ауданының тәртіп сақшылары тоқтатқан мотоциклді жергілікті 47 жастағы тұрғын басқарғаны белгілі болды. Тексеру кезінде оның көлікті алкогольдік мас күйінде жүргізгені анықталды.
Сондай-ақ Алға ауданында Ақтөбе–Астрахань тасжолында полиция қызметкерлері ауыл тұрғыны басқарған мотоциклді тоқтатты. Ол да рөлге мас күйінде отырған болып шықты.
Аталған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылуда. Тек бір тәуліктің ішінде облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарған 9 жүргізуші анықталды.
Олардың үшеуі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік тізгініне отырған. Ақтөбе облысының полиция департаменті көлік құралын мас күйінде басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп екенін ескертеді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз жол" іс-шарасы аясындағы рейдтер жалғасуда.