Ермек Көшербаев Сыртқы істер министрі ретіндегі алғашқы қадамдары туралы айтты
Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев 2025 жылғы 29 қыркүйекте Ақордада өткен іс-шара аясында жаңа қызметіндегі алғашқы әрекеттері мен ведомство алдында тұрған міндеттері туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер министрден қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігіне жүктелген басты міндеттерді нақтылап сұрады.
"Президент бұған дейін сыртқы саяси қызметке қандай тапсырмалар қойған болса, соларды жалғастыру. Мен министрліктің бұрынғы бағытын сақтаймын. Барлық қызметкерлер өз орындарында. Мен қай жерге барсам да кадрларды өзгертпей, бар мамандармен жұмыс істейтінмін. Бұл министрлік маған жақсы таныс – баспасөз хатшысы да болдым, вице-министр де болдым. Сондықтан бәрін білемін. Көптеген жігіттер 7-8 жыл бұрын басқа қызметте жүрген болса, қазір кәсіби тұрғыда өскен. Ведомствоның кадрлық әлеуеті жаман емес, қалыптасқан деп ойлаймын", – деді министр.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері Ермек Көшербаевтан министр болып тағайындалғаннан кейінгі алғашқы шешімі туралы сұрады.
"Келіп, ұжыммен таныстым, жұмыс кестелерін қарадым, әр мәселе бойынша толық ақпарат беруді өтіндім. Маған үлкен папкалар әкелді, енді соның бәрін оқуым керек. Менің алғашқы шешімім – осы", – деді ол.
Министр өз сөзінде әрқашан өзінен бұрынғы басшылардың жұмысына оң көзқараспен қарайтынын атап өтті.
"Бұған дейін шығыста жұмыс істегенімде де маған солай сұрақ қоятын. Мен біреудің жұмысын бағалау үшін емес, өз жұмысым үшін жауап беру үшін келдім. Ал Мұрат Әбуғалиевичтің (Нұртілеу – ред.) жұмысына бағаны президент береді. Оған президенттің көмекшісі қызметін тапсыруы – оң бағаланғанының белгісі. Бұл – қалыпты кадрлық өзгеріс. Оған артық мағына беру немесе астарлы себеп іздеу қажет емес. Бұл табиғи процесс, алға қойылған міндеттер бар, солар шешіліп жатыр", – деп толықтырды Ермек Көшербаев.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев 2025 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Оған дейін, 2025 жылдың ақпан айында, ол Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысын басқарған.
Ал Мұрат Нұртілеу қазір Қазақстан президентінің көмекшісі қызметін атқарып жүр.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript