Жасанды интеллектті енгізу ұлттың менталитетіне оң ықпал етеді – Тоқаев
Фото: pixabay
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 2 қазанда өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумында Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент өз Жолдауында цифрлық мемлекетті құру – Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық таңдау екенін ерекше атап өткенін еске салды.
"Үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болады. Басқаша айтқанда, еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді." Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы "болашаққа оптимизммен қарап, өткенге байланып қалмауы тиіс".
Бүгін маған "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуальді мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор". Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұлттық компаниялар мен отандық кәсіпорындар инновациялық жобаларды белсенді енгізуі қажет.
"Алдыңғы қатарлы технологиялар дәуірінде түбегейлі өзгерістерге дайын болу аса маңызды. Бұдан тыс прогресс мүмкін емес екені анық. Дегенмен жаңа технологияларды пайдалану тек пайда мен артықшылықтар әкеліп қана қоймайды, сонымен бірге жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді де тудырады. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану үшін құқықтық база қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды және ол жалғасуда. Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар қолға алынды. Кодексте экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтауды және мемлекеттік басқаруды жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады", – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, Цифрлық кодексті асығыс қабылдауға болмайды, себебі бұл – аса жауапты әрі күрделі жұмыс.
" Осыған байланысты жасанды интеллектіні дамыту мәселелері бойынша сарапшылар мен уәкілетті органдардың қатысуымен парламенттік тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл құжат уақытылы қабылданды деуге болады. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын жоғары бағалап, заңды орнықты цифрлық экожүйе құрудағы маңызды қадам деп атады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда Президенттің айтуынша, "босаңсуға болмайды, алда ауқымды жұмыс күтіп тұр".
"Жасанды интеллект Әділетті, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құруға орасан мүмкіндік береді. Бірақ жасанды интеллект пен цифрландырудың барлық мәселені өздігінен шешетін әмбебап құрал екендігі туралы иллюзияға берілмеуіміз қажет. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үш тең міндетті қатар орындауды талап етеді: ресурстар тарту, жаңа білімді игеру және этикалық нормаларды сақтау. Қысқасы, әділ әрі тиімді шешімдер қабылдап, тез әрі ашық әрекет етуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент жасанды интеллектіні тек бейбіт мақсатта пайдалану қажет екенін мәлімдеген болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript