Әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және базалық зейнетақы өсімі: Еңбек министрі есеп берді

Президент қабылдауы, Ақорда, Тоқаев, Светлана Жақыпова, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.12.2025 17:31 Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 3 желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президентке еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарын жүзеге асыру барысы жөнінде баяндалды.

Светлана Жақыпова халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты.

"Бүгінгі таңда азаматтарды жұмыспен қамту бойынша 2029 жылға дейінгі жоспардың 83 пайызы орындалған. Соңғы бес жылда 2,7 миллион адам еңбекке тартылды. Сапалы жұмыс орындарын көптеп ашу үшін өңірлік жол картасы мен жыл сайынғы KPI іске асырылуда", - деді министр.

Сондай-ақ ол президентке биылғы 10 айда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30 пайызға азайғаны жайында ақпарат берді. Нәтижесінде ресурстарды шын мәнінде мұқтаж жандарға қайта бөлу мүмкіндігі пайда болды. Қазіргі кезде мұндай көмек түрін 285,1 мың адам алды. Бұл мақсатқа 27,1 миллиард теңге жұмсалады.

Одан бөлек, өндірістік жарақат алу 6,5 пайызға, ал кісі өліміне әкеліп соғатын қайғылы оқиғалар 4,5 пайызға азайғаны да айтылды. Ұсынылған дерекке сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген, 27 мың азамат инватакси көмегіне жүгінген.

Министр биыл базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайтылғанын жеткізді.

"Жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индексациялау жүргізіледі. Жұмыс беруші тарапынан төленетін міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп, 2028 жылға қарай 5 пайызға жетеді. Жұмыспен қамтылған халықтың 65 пайызы жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары саналады", деген Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде де баяндады.

Министрлік мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған Бірыңғай цифрлық платформа құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мұқтаж азаматтарға нақты көмек көрсетуге және қолдау шараларының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы жұмыспен қамту сапасын жақсартуға, әлеуметтік қолдау тетіктерін одан әрі цифрландыруға, еңбек қатынастарындағы қауіп-қатерлердің алдын алу шараларын күшейтуге, зейнетақы жүйесін және көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдаған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: