Тоқаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу Цзяиді қабылдады
Сурет: Ақорда
Бұл туралы 2026 жылғы 9 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады:
"Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі саналатынын атап өтті. Қаржы институты Қазақстанда басымдыққа ие инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысады".
Президент бүгін қол қойылған Серіктестік туралы негіздемелік келісімді құптады. Аталған құжаттың орнықты экономикалық дамуды ілгерілету мен өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда мәні зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Цзоу Цзяиді жуырда Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті болып тағайындалуымен құттықтады.
"Сіздің осы лауазымдағы сапарыңызды Қазақстаннан бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін жақсы нышан деп санаймыз. Банкпен бірге жалпы сомасы 2,6 миллиард доллардан асатын 9 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыз бен байланысымызды жандандыра түсетініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Цзоу Цзяи Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстанның энергетика, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым секторларындағы бірқатар ірі жобаға қолдау көрсеткенін жеткізді
"Ыстық ықыласыңыз бен ұзақ жылдар бойы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне көрсеткен қолдауыңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен басқа да акционерлердің маған артқан сеніміне дән ризамын. Банк қызметінде алғашқы онжылдықтағы жетістіктерге негізделген сабақтастықты сақтаймын. Сондай-ақ тұтынушылардың өзгеріп жатқан сұраныстарына жедел жауап беру үшін қаржы институтын одан әрі өркендетуге тырысамын", – деді банк жетекшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цзоу Цзяи бірлескен қызмет аясын тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Таяу жылдары Қазақстан инфрақұрылым секторын жаңғырту бойынша ауқымды жоспарды жүзеге асыруға ниетті. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осы стратегиялық бастамаларға белсене атсалысуға дайын.
Қазіргі уақытта банк Көкшетау қаласындағы көпбейінді аурухана құрылысы, қуаты 220 МВт болатын жел электр стансасы, Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автокөлік жолдарының учаскелері және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол салу жобаларына қаржы бөлуде.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін қабылдаған болатын.