Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқының қолдауын жоғары бағалайтынын айтты
Фото: akorda.kz
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Президент ел басына түскен осындай ауыр сәтте Ресей басшысы мен халқының шынайы жанашырлығы мен қолдауын Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтті.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкеткен. Олар теңіз жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкеткені хабарланған еді. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі бұл мәліметті нақтылап, олардың саны 17 екенін мәлімдеді.
Қазіргі мәлімет бойынша, 12 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Құтқарылғандардың бірі ауруханада жатыр. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.