Владимир Путин Қазақстанға және басқа елдерге қолма-қол рубль алып шығу тәртібін қатаңдатты
Фото: akorda.kz
Тиісті жарлыққа 2026 жылғы 29 қыркүйекте қол қойылды. Құқықтық ақпарат порталында жарияланған құжатқа сәйкес, жеке тұлғаларға Ресейден Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, сондай-ақ Әзербайжанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға 1 млн рубльден (5 млн теңгеден астам) көп қолма-қол ақша алып шығуға тыйым салынды.
ЕАЭО-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіреді. Куба, Молдова, Өзбекстан мен Иран ұйым жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.
Сонымен қатар Ресей Президенті заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің Әзербайжанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға қолма-қол ақша алып шығуына да тыйым салды.
Үкімет бекітетін тізімдегі әуежайлар арқылы ақша тасымалдауға ерекшелік қарастырылған. Ол үшін қолма-қол ақшаның оны алып шығып бара жатқан адамның шотынан алынғанын растайтын банк үзінді көшірмелері болуы қажет.
Тыйым бұзылған жағдайда қолма-қол ақша тәркіленеді:
- жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан – толық көлемде;
- жеке тұлғалардан – 1 млн рубльден асатын бөлігі.
Бұған дейін, 28 қыркүйекте, қазақстандықтардың шетел валютасына сұранысы қайта артқаны туралы жазған едік. Бір айда ел тұрғындары 141,4 млрд теңгеге доллар сатып алған. Ал рубльге сұраныс шамамен 50 есе өсіп, 6,1 млрд теңгеден асқан. Сұраныстың не себепті күрт артқанын осы материалдан оқуға болады.