Тоқаев Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге көмектескен Ресейге әрі Путинге алғыс айтты

Жолбарыс, Тұран, популяция, Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин, Ресей, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.10.2026 19:45 Сурет: pixabay
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еревенда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау мен көбейту жолындағы күш-жігеріне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қазірдің өзінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Елімізде киік санының көбеюін осы жетістіктердің бірі ретінде атап өтуге болады.

"Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді", – деді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы чех, неміс және мажар әріптестерімізбен бірге қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті.Президенттің пікірінше, Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажет.–

"Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Алматыда Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін ашуды ұсынған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: