Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні атап өтіледі

Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні атап өтіледі, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.11.2026 16:12 Сурет: Zakon.kz
Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні үшінші рет аталып өтіп жатыр. 2024 жылдан бастап бұл күн жыл сайын 18 қарашада атап өтіледі. Ал 2025 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Антикорды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосты.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – "Заң мен тәртіп" конституциялық қағидатының негізгі элементтерінің бірі әрі мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Бүгінде бұл жұмыс құқық бұзушылықтардың жолын кесумен ғана шектелмей, мемлекеттік басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сот шешімімен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардан тәркіленген қаражат елдегі әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады. Ал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.

Тарихқа қысқаша шолу жасасақ

18 қараша күнінің таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл дата маңызды тарихи оқиғаны білдіреді. Дәл осы күні, 2014 жылы Қазақстанның ұлттық заңнамасына алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ұғымы енгізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен айналысатын құрылымдардың алғашқы қадамдары сонау 1994 жылы басталды. Сол кезде Қазақстанда экономикалық қылмыстармен күрес органдары құрылды. Кейін, 1999 жылы бұл функция Салық полициясы комитетіне берілді. Одан соң осы құрылымдардың негізінде Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі құрылды.

Бірқатар өзгерістер мен реформалардан өткеннен кейін, 2019 жылғы 13 маусымда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі дербес орган – Президентке тікелей есеп беретін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды.

2025 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Антикорды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосты. Нәтижесінде ҰҚК құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.

Бүгін кімдерді құттықтап, құрмет көрсетеді?

Бүгінгі күннің басты кейіпкерлері – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері.

Мемлекет басшысы 2025 жылы бекіткен ережеге сәйкес, қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтап, жолын кеседі және ашады, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды қорғайды, осындай істер бойынша тәркіленген мүлікті есепке алу және өткізу жұмыстарымен айналысады.

Сондықтан бүгін сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресіп, қылмыстарды анықтап, тергейтін, қылмыстық істерді алғашқы хабарламадан бастап сотқа дейін жеткізетін қызметкерлерді – тергеушілер мен жедел уәкілдерді құттықтаған жөн. Сонымен қатар бұл мерекені қызмет ардагерлері, әсіресе оның негізін қалаған азаматтар да атап өтеді.

Мамандыққа бастар жол

Бұл мамандыққа апарар жол жоғары оқу орнынан басталады. Антикор қайта ұйымдастырылғанға дейін қолданыста болған ережелерге сәйкес, қызметке 18 бен 35 жас аралығындағы, жоғары заңгерлік, экономикалық немесе қаржылық білімі бар Қазақстан азаматтары қабылданған.

Үміткерлер тестілеуден, әңгімелесуден, әскери-дәрігерлік комиссиядан, полиграфтан және кодекстер бойынша емтиханнан өткен. Одан кейін ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында алты айлық оқу курсынан өткен. Оның бес айы теориялық және практикалық сабақтарға, ал бір айы тағылымдамаға арналған.

Академия қазіргі қызмет үшін де мамандар даярлайды. Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда онда ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне арналған алғашқы даярлық курсынан өткен тыңдаушылардың алғашқы легі оқуын аяқтады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: