Ауыр атлетикадан әлемдік рекордшы Едіге Емберді Азия чемпионы атанды
73 келіге дейінгі салмақта 309 келі нәтиже (жұлқи көтеруден – 136, серпе көтеруден – 173) көрсеткен спортшымызға тең келер ешкім болмады. Елордалық зілтемірші Азия чемпионатының ең жоғары жүлдесінен бөлек, серпе көтеруде және жиынтық есепте жастар арасында Азия рекордын жаңартты.
Еске салсақ, Едіге Емберді өз салмағында чемпион және әлем рекордшысы атанды. Ол бұл құрметке бір ай бұрын Мексикада өткен Жастар арасындағы әлем чемпионатында ие болды.
Едіге Емберді Шымкент қаласының тумасы. Ауыр атлетикамен Нұр-Сұлтан қаласында айналыса бастады. Жеке бапкері — Аманиязов Айбек Назарбайұлы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Спортты олимпиадалық түрлері бойынша дамыту дирекциясының» КММ аға-жаттықтырушысы.