Павлодарлық студент Румынияда тоғызқұмалақтан күміс медаль еншіледі
Жаттықтырушы Ерлан Айтышевтің айтуынша, жарысқа Қазақстан, Румыния, Эфиопия, Чехия, Түркия, Пәкістан және Болгария сияқты 7 елдің спортшылары қатысқан.
Ерасылдың тоғызқұмалақпен әуестеніп келе жатқанына 7 жылдай уақыт болды. Биылғы жыл ол үшін табысты болды. Шахмат үйінде білікті жаттықтырушылармен жаттығады. Биыл спорт шебері атағын алады деп сенеміз, - деді Ерлан Айтышев.
Қазақстан Республикасының жастар чемпионатында 19 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионы атанған, сол арқылы блиц және рапидтен әлем чемпионатына жолдама жеңіп алған. Сондай-ақ сол жылы командалық есепте ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Ерасыл Әутәліпов биыл мектеп бітірген соң Павлодарға Ертіс ауданының Ертіс ауылынан көшіп келіп, ПМПУ-ға дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқуға түскен. Жуырда Қарағандыда өтетін жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Павлодар облысының құрама командасы сапында өнер көрсетеді.
Айта кетсек, тоғызқұмалақтан әлем кубогы Қара теңіз жағалауындағы курорттық аймақта Құрылтай фестивалі аясында өтті. Іс-шара барысында асық атудан, қазақ күресінен, садақ атудан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ музыкалық ансамбльдер өнер көрсетті. Құрылтайдың басты мақсаты – халық өнерін, қазақтың ұлттық ойындарын дамыту және халықаралық аренада насихаттау, халықтар бірлігі мен достығын нығайту.