16 жастағы қазақстандық парадзюдошы Әлфия Тілекқабыл Азия чемпионатында топ жарды
Ол көзі мүлдем көрмейтін спортшылар санатында (J1) белдесті. Айналмалы жүйе бойынша күрескен ол чемпиондық атаққа дейін Дилорам Диханова (Қазақстан) мен Хосиотхан Позильжонова (Өзбекстан) жеңді.
16 жастағы Әлфия үшін бұл - алғашқы Азия чемпионаты. Ол парадзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасына биыл қосылған.
Парадзюдодан Азия біріншілігі Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық Даяна Федосова (-57кг, J2) мен Ерғали Шамей (-73кг, J1) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (-52 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (-73 кг, J2) қола медаль еншілеген.
Париж Паралимпиадасы алдындағы ресми чемпионатта спортшылар J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша бақ сынап жатыр.
Құрлықтық дода 30 сәуірге дейін жалғасады.