Қазақстан каратэшілері Азия чемпионатынан 24 медаль жеңіп алды
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, жастар мен жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Жапония каратэшілері 14 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен көш бастаса, үздік үштікті Иран (5 алтын, 6 күміс, 11 қола) спортшылары түйіндеді.
Жарыстың соңғы күніндегі кумите бағдарламасында Диас Анарбеков (+84 кг), Биғабыл Жоламан (55 кг), Ақниет Шеризат (50 кг) пен Белла Шамашева (55 кг) алтын тұғырдан көрінсе, Асқар Сапарғалиев (87 кг) пен Даяна Даренская (68 кг) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі. Ал Никита Тарнакин (84 кг), Николь Ценгель (61 кг) және Венера Жақсыбаева (+ 68 кг) қолаға қол жеткізді.
"Жас каратэшілеріміздің Азия чемпионатындағы керемет жетістігі елімізде аталған спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Биыл каратэшілеріміз халықаралық жарыстарда өте сәтті өнер көрсетіп жатыр. Мысалы, еліміздің ересектер құрамасы Азия ойындарында, әлем чемпионатында топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Енді міне, жастарымыз құрлық додасында мықты екенін дәлелдеді. Біздің құрамада осындай дарынды жас спортшылар өсіп келе жатқаны қуантады", - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Айта кетері, бүгін каратэден ересектер арасындағы 1-Азия ашық чемпионаты басталды. Жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.