Оңтүстік Кореяда төртінші қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы жағылды
Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу үшін әлемнің 78 мемлекетінен 14 пен 17 жас аралығындағы 1800-ден аса спортшы келді. Канвон провинциясы мұндай ірі көлемдегі жарысты екінші рет қабылдап отыр. Алғашқысы – 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындары, деп жазды olympic.kz.
Канвон-2024 ашылу салтанатының мәдени қойылымдары "Ғалам" тақырыбында өрбіді. Бұл - жастардың шексіз мүмкіндіктерін дәріптейтін тақырып. Жас спортшылардың кейпіне енген қойылым актерлері өз ғарыш әлеміндегі жұлдыздарды зерттеп, жұлдыздарын жағып, жарқырай түсті.
Ашылу салтанатының соңында дәстүрге сай Олимпиада алауы тұтанды. Алаудың сандық нұсқасы Каннын саябағында орналасқан. Бұл жолы Олимпиада алауын жағу құрметі жас фристайлшы, Канвон-2024 Олимпиадасының қатысушысы Чон Мин Лиге берілді.