Қазақстанның үздік шахматшысы қуанышты жаңалығымен бөлісті
Сурет: Instagram/bibisarachess
2023 жылдың қыркүйек айының соңынан бастап әлеуметтік желіде "жоғалып кеткен" Қазақстанның танымал және үздік шахматшысы Бибісара Асаубаева қуанышты жаңалығымен бөлісті. Жеті ай бұрын хакерлер оның Instagram аккаунтын бұзып, жойып жібергені белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шахматшының айтуынша, оның Instagram аккаунты 26 қыркүйекте бұзылып, жойылған.
"Мен желіге қайта оралдым. Дәл жеті ай бұрын, өткен жылдың 26 қыркүйегінде менің аккаунтымды әлдекімдер бұзып, өкінішке қарай, жойып жіберген. Бір сәтте оны қалпына келтіруге болады деген үмітім де үзілген... Бір-екі күн бұрын маған және анама бір адам аккаунтымның қалпына келгенін жазып жіберіпті, біз оған қатты қуанып қалдық. Білмеймін, меніңше, бұл ғажайып жайт сияқты көрінді", - деді Бибісара Асаубаева 2024 жылдың 26 сәуірінде Stories-тегі видеосында.
Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы ескі аккаунтын қалпына келтіруге болады деген үміті үзілгенде жаңасын ашыпты. Енді ол сол жаңасын өшіріп тастағанын да нақтылады.
Сондай-ақ, шахматшы жеті айдағы жаңалықтарымен де бөлісті.
"Азия ойындарында қола медаль жеңіп алдым, Англияда алғаш рет болдым (такси қызметі мен қонақүйден бөлме жалдау құны мені таң қалдырды). Өкінішке қарай, турнирдің тек бірінші жартысына ғана күшім жетті. Сүйікті құрбыларыммен көрістім, отбасыммен Жаңа жылды атап өттім, тілдерді үйреніп, биге бара бастадым, ақыры бақандай 20 жасқа келдім. Содан кейін Aeroflot Open-2024-те сәтті өнер көрсеттім, бірінші рет қыз-келіншектерге арналған сыйлыққа ие болдым. Одан кейін... парашютпен секірдім (бұл ата-анамның жасаған сыйлықтарының бірі болды). Қайтадан туғандай болдым демеймін, бірақ эмоцияларым керемет болды. Енді мен ата-анамды секіруге көндіремін", - деп жазды Бибісара Асаубаева 27 сәуірде Instagram-да бірқатар суреттерін де жазба астына қыстыра отырып.
Ол өмір Instagram мен әлеуметтік желілерге тәуелді емес екенін баса айтады, "бірақ оған қайтып оралу әрдайым жақсы көрінеді".
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript