Елена Рыбакинаның өзі де Олимпиадаға қатыса алмайтынына қапаланып отыр
"Құрметті қазақстандықтар! Өкінішке қарай, Париждегі Олимпиадаға қатыса алмайтын болдым.
Уимблдон турнирінен кейін бронхиттің асқынған түрімен ауырдым, жаттығуға оралуға тырысқаныммен, ағзам әлі қалпына келе қоймады. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды.
Үміттеріңізді ақтамағаныма, Париждегі Олимпиадада біздің құрама атынан бақ сынай алмайтыныма қатты қапалымын. Токиода медаль алуға жақын қалған едім және Қазақстан қоржынына алтын жүлде салу үшін Париж ойындарына да тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке қарай, бұл ауру жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей қойды.
Қазақстандық барлық спортшыға Парижде сәттілік пен жетістік тілеймін! Барлық спортшымызға жанкүйер боламын және олар Олимпиадада еліміздің намысын лайық деңгейде қорғайды деп сенемін. Алға, Қазақстан!", - деді Елена Рыбакина.
Қазақстан теннис федерациясы 25 шілдеде теннистен әйелдер ұлттық құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын хабарлады.
Федерацияның мәліметінше, Рыбакина қазір бронхитпен ауырып жатыр, дәрігерлер оған тек кортқа ғана емес, жарыстарға ұшып баруға да үзілді-кесілді тыйым салған.