Астанада пара дзюдодан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Айта кетейік, пара дзюдодан әлем чемпионаты 13-15 мамыр күндері өтеді. Биылғы додаға 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып жатыр.
Жарыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасына енсе, қалған төртеуі жаңадан қосылған салмақтар бойынша үлестіріледі.
Бұл – 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие беделді жарыс.
Ербол Мырзабосынов жарыстың ресми ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, әлем біріншілігіне қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тіледі.
"Қазақстанда паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып келеді және бұл қоғамда инклюзивті құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде пара дзюдо спортынан отандастарымыз халықаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Токиода өткен Паралимпиадада отандастарымыз үш күміс медаль иеленсе, Парижде бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Құрамамыздың сапында әлем және Азия чемпиондары бар. Астанада әлем чемпионатының өтуі – еліміздің халықаралық деңгейде спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатындығының айқын дәлелі. Бұл чемпионатта да спортшыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін", - деп атап өтті Туризм және спорт министрі.