Әбиба Әбужақынова: әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін

Әбиба Әбужақынова: әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.06.2025 21:49 Сурет: olympic.kz
13-20 маусым аралығында Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова дайындығы мен әлем біріншілігіндегі басты қарсыластары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Әбиба алдағы әлемдік додаға екі дүркін қола жүлдегер ретінде аттанады. Бұған дейін ол 2022 жылы Ташкентте (Өзбекстан) және 2024 жылы Абу-Дабиде (БАӘ) өткен әлем біріншілігінде үшінші орынды иеленген. 

"Негізгі басты қарсыластарымның қатарында Франция мен Жапонияның тәжірибелі спортшыларын атап өтуге болады. Дегенмен, бұл - әлем чемпионаты, мұнда осал қарсылас жоқ. Әрбір балуан тыңғылықты дайындықпен келеді, сондықтан ешкімді бөліп-жармай, барлық қарсыласқа бірдей жауапкершілікпен қарап, жан-жақты дайындалып жатырмын. Алда үлкен бәсеке күтіп тұр, дегенмен бар күшімді салып, жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін", - деді ол.

Спортшы әлем чемпионатына дайындық жоспарға сай жоғары деңгейде әрі қарқынды өтіп жатқанын айтты.


"Қазіргі сәтте бабымдамын және толық дайынмын деп айта аламын. Алдымен Испанияда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл жаттығу процесі өте нәтижелі болды, физикалық және техникалық тұрғыда жақсы қалыпқа келдім. Қазір дайындықтың соңғы кезеңін өз елімізде жалғастырып жатырмыз. Бұл кезеңде бар назар қозғалыс дәлдігі мен тактикалық әрекеттерді пысықтауға бағытталған. Жаттығулар жүйелі әрі мақсатты түрде өтіп жатыр", - деді Әбиба.

Еске сала кетейік, Әбиба Әбужақынова бұған дейін Линцте (Аустрия) өткен Гран-При турнирінде жеңіске жеткен болатын. Сол турнирда Әбибаға шақ келер ешкім болмады. Отандасымыз финалға дейін жетіп, жапондық Сачиё Ёшиноны 10:1 есебімен тізе бүктірген еді. Содан кейін қазақстандық балуан Азия чемпионатын өткізіп алды.

Ал Душанбеде (Тәжікстан) өткен Grand Slam тунирінде қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол өзбекстандық Улбусин Хакимовамен кездесіп, тиімді әдіс арқылы кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап жеңіске жетті.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: