Kazakhstan Open 2025: ауыл балалары халықаралық аренада жарқырады
Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Ката, кумитэ және командалық кумитэ бойынша өткен 58 санаттағы тартыс биыл ауыл жастары үшін тарихи кезеңге айналды. Себебі алғаш рет халықаралық аренада қазақтың ауыл балалары өнер көрсетті.
Бұл – Auyl sport жобасының нәтижесі. Жоба Halyk қорының бастамасымен жүзеге асып келеді. Жоба аясында іріктелген 6 ауыл баласы ел намысын қорғап, екі бірдей жүлдемен оралды.
Маңғыстау облысы Қызылсай ауылының 14 жастағы спортшысы Матжан Мәдениет 52 келі салмақта күміс медаль жеңіп алса, Басқұдық ауылынан Анищенко Захар 60 келі салмақта қола жүлдеге ие болды.
"Бұл менің ғана емес, мені баптаған жаттықтырушымның, демеу болған ата-анам мен ауылдастарымның жеңісі. Алғаш рет шетелден келген қарсыластармен татамиге шықтым. Қобалжыдым, бірақ ауылдың үмітін ақтау үшін барымды салдым. Енді әлем чемпионы боламын деген арманыма сенемін", - дейді жас спортшы Матжан Мәдениет.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша, жастар құрамасы жасақталып, 2025 жылғы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.
"Бұл турнир – ауыл балаларының арманына жол ашқан үлкен алаң. Біздің мақсат – әрбір ауыл баласына өз дарынын танытып, үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік беру. Kazakhstan Open 2025 – осы жолдағы маңызды белес. Бұл мүмкіндік бүгінгі жеңістен де маңызды, - деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы.
Айта кетейік, Auyl Sport жобасы 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, талантты балаларды қолдау және кәсіби спортқа бағыттауға жұмыс істейді. Бүгінде бұл бастама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 10 мыңнан астам бала түрлі спорт түрімен жүйелі түрде айналысып жүр.
Жобаның тиімділігін дәлелдейтін тағы бір айғақ – Сербияда өткен GYMNASIADE халықаралық сайысында 12 ауыл баласы 6 медаль жеңіп алды.