Тоқаев Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтады
Сурет: pixabay
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Сіз теннистен жыл қорытындысы саналатын беделді жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, асқан ерік-жігердің арқасында жеңіске жеттіңіз. Қазақстандық және әлемдік теннис спортының тарихындағы осынау айтулы жетістігіңізбен шын жүректен құттықтаймын және ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі додадағы жеңісіңізді, теннистің дамуына қосқан үлесіңізді және аталған спортты елімізде насихаттауға сіңірген еңбегіңізді ескере отырып, Сізді ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым", - делінген құттықтауда.
Тоқаев Рыбакинаға зор денсаулық, бақ-береке және Қазақстан Республикасының даңқын асыратын жаңа жетістіктер тіледі.
Еске салайық, теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA қорытынды турнирінің финалында жеңіске жетті.
Қазақстандық спортшы финалда Беларусь өкілі Арина Соболенканы екі сетте де тізе бүктірді. Шешуші кездесу 6:3, 7:6 есебімен аяқталды.
Осылайша, Рыбакина әйелдер арасындағы жекелей сында WTA қорытынды турнирін жеңіп алған алғашқы қазақстандық теннисші атанды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript