Елена Рыбакина Штутгарттағы WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты
Сурет: ktf.kz
Алғашқы айналымда отандасымыз әлемдік рейтингте 19-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен шеберлік байқасты.
Бірінші сетте Елена ойын тізгінін өз қолында ұстап, 6:3 есебімен басым түсті. Өз геймдерінде сенімді ойнаған ол, бір брейк жасау арқылы партия тағдырын өз пайдасына шешті.
Екінші сетте ойын тартыстырақ болғанымен, Рыбакина қажетті сәтте басымдықты арттыра білді. Шнайдердің қарсылық көрсетуге тырысқанына қарамастан, Елена кәсіби шеберлігі мен салқынқандылығының арқасында тағы бір брейк жасап, матчты 6:4 есебімен түйіндеді.
Айта кетейік, Штутгарт корттары – біздің құрама көшбасшысы үшін өте қолайлы мекен. Елена бұған дейін, 2024 жылы осы беделді додада чемпион атанған болатын.
Келесі кезеңде Рыбакина Лейла Фернандес (Канада) және Зейнеп Сонмез (Түркия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.