Қазақстан спорттық гимнастикадан Азиада мен әлем чемпионатына жолдамалар үшін таласады

Қазақстан спорттық гимнастикадан Азиада мен әлем чемпионатына жолдамалар үшін таласады, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.06.2026 21:43 Сурет: olympic.kz
Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін спорттық гимнастикадан 13-ші Азия чемпионаты құрлықтың ең мықты құрамаларын жинайды. Алдағы турнирдің маңызы зор.

Онда құрлықтағы құрмалардың әлеуеті айқындалып қана қоймай, 2026 жылғы Азия ойындары мен осы маусымда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдамалар да сарапқа салынады.

Ерлер арасындағы жарыс 18-21 маусым аралығында Олимпиадалық спорт орталығының аренасында өтеді. Олимпиада чемпионы Дайки Хасимотоның (Жапония) қатыспауына байланысты жарыстың басты фавориті ретінде Қытай құрамасының көшбасшысы Чжан Бохэн қарастырылып отыр. Бастапқыда әлемдік гимнастиканың екі жұлдызы арасындағы бәсеке чемпионаттың басты тартысы болуы тиіс еді. Алайда жапон тарапы Хасимотоны Азия ойындары мен әлем чемпионатына сақтап қалуды жөн көрді.

Чжан Бохэннің еншісінде Париж-2024 Олимпиадасының үш жүлдесі бар. Ол көпсайыс пен командалық жарыста күміс, ал кермедегі жаттығуда қола медаль жеңіп алған. Жеке көпсайыста оған Қытай чемпионатында мықты бәсеке көрсеткен командаласы Ян Хаонань қарсылас болуы мүмкін. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Лю Ян да фавориттердің қатарында.

Жапония құрамасын да есептен шығаруға болмайды. Команда құрамында Олимпиада чемпиондарымен қатар халықаралық деңгейде енді танылып келе жатқан жас гимнастар да бар. Олардың арасында Париж-2024 Олимпиадасының командалық жарыс чемпионы Ватару Танигава мен Фусукэ Маэда ерекше көзге түседі. Биыл NHK Trophy турнирінде Маэда кермедегі жаттығуы үшін 15,633 ұпай жинап, осы снарядтағы ең үздіктердің бірі екенін тағы дәлелдеді.

Қытай мен Жапониядан бөлек, командалық медальдар үшін Қазақстан құрамасы да таласады. Өткен жылы отандық гимнастар Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған болатын. Биылғы құрам да жоғары орындар үшін күресуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, бұл жолы тек медаль ғана емес, Азия ойындары мен әлем чемпионатына жолдамалар да сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасының сапында:

  • Милад Карими (еркін жаттығулар, тіреп секіру, ат снаряды, керме)
  • Ілияс Әзизов (көпсайыс)
  • Дмитрий Патанин (еркін жаттығулар, тіреп секіру, сақина, қоссырық, керме)
  • Роман Хегай (көпсайыс)
  • Дияс Тойшыбек (ат снаряды, қоссырық, керме)
  • Нұртан Ыдрысов (көпсайыс)

Азия чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасы күшейтілген оқу-жаттығу жиынын өткізді. Дайындық Қытай ұлттық құрамасымен бірге жүргізілді.

"Бұл жиынның ерекшелігі – оның әлемдегі ең мықты командалардың бірі саналатын Қытай құрамасымен бірге өтуі. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионатының жеңімпаздары және көптеген жетекші спортшылар бар. Біз үшін әлемнің үздік гимнастарының жанында жаттығып, олардың тәжірибесін меңгеруге әрі өз деңгейімізді көрсетуге тамаша мүмкіндік туды. Қытай гимнастары өзге елдердің ұлттық құрамаларымен өте сирек бірге жаттығады. Оның үстіне, жаттығу залына кіру әдетте тек Қытай құрамасының мүшелеріне ғана рұқсат етіледі. Дайындық үшін барлық жағдай жасалды. Бізбен бірге жаттыққан спортшылардың деңгейі үлкен мотивация беріп, алға жылжуға көмектеседі", – деді Қазақстанның ерлер құрамасының бас бапкері Александр Ким.

Қазақстан құрамасындағы ең атақты спортшы – Милад Карими. Оның қоржынында Азия чемпионаттарының он медалі бар. 2024 жылы ол кермедегі жаттығуда алтын медаль жеңіп алып, алғаш рет құрлық біріншілігінің чемпионы атанған болатын. Биыл Карими Әлем кубогы кезеңдерінде өзінің негізгі бағдарламалары – еркін жаттығулар мен кермеде үш мәрте күміс жүлде иеленді.

2025 жылғы маусымда Дмитрий Патанин де халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп келеді. Ол Бакудегі (Әзербайжан) Әлем кубогы кезеңінде қоссырықта күміс медаль жеңіп алды және Challenge Cup кезеңдерінде де жүлдегерлер қатарына енді. Дияс Тойшыбек пен Ильяс Азизов та өткен маусымда Challenge Cup жарыстарында жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал Нұртан Ыдрысов пен Роман Хегай жасөспірімдер санатынан ересектер деңгейіне бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.

Қазақстандықтарға Филиппин, Тайбэй, Оңтүстік Корея және Өзбекстан құрамалары айтарлықтай бәсеке көрсетеді. Филиппин құрамасын екі дүркін Олимпиада чемпионы Карлос Юло бастап келеді. Ол жеке көпсайыста да, еркін жаттығулар мен тіреп секіруде де жүлдеге басты үміткерлердің бірі саналады.

Тайбэй құрамасы дәстүрлі түрде ат снаряды мен кермедегі жаттығуларға сенім артады. Олимпиаданың күміс жүлдегері Ли Чи Кай ат снарядындағы басты фавориттердің бірі болса, кермеде Олимпиаданың қола жүлдегері Тан Чиа-Хун ерекше назарда болады.

Оңтүстік Корея Рю Сон Хён мен ат снарядының шебері Хур Унға үміт артады. Өзбекстан құрамасы да жоғары орындар үшін таласуға қауқарлы құраммен келді.

Осылайша, Цзуньидегі Азия чемпионаты құрлықтың ең мықты гимнастарының басын қоспақ. Қазақстан үшін бұл турнир маусымның басты жарыстары алдындағы маңызды сынақ әрі жоғары деңгейдегі бәсекеде өз мүмкіндігін бағалауға жақсы мүмкіндік болмақ.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: