"Сотқа беремін!". Мбаппені сынаймын деп одан сөз естіген парагвайлық саясаткер әйел шала бүлінуде
Сурет: wikimedia, Instagram/k.mbappe
Бұл оқиға бір күн бұрын, 2026 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Парагвай құрамасы оңбай жеңіліп, Селеста Амарилья өз эмоциясына ие бола алмай, Мбаппені сынап-сыбаудан басталған еді. Саясаткер әйел, тіпті нәсілшілдік сипаттағы қорлау сөздерді де айтып салған.
Реал Мадридтің шабуылшысы шымбайға бататын мұндай сөздерге шыдай алмай, ол да бірден қатаң жауап қатты. Ол Селестаны өз қызметіне лайық деп санамайтынын жеткізді. Ол осы турнирде өз құрамасының төккен терін, аянбай еткен еңбегін бетпақтығымен аяқ-асты еткен, Парагвайды теріс сипатта танытып жатқан мұндай жиіркенішті әйелді өзіне ерік берсе, еш жерге шығармасын айтты.
Саясаткер тағы қалыс қалмай Франция құрамасының капитанына қаратып жаңа мәлімдеме жасады.
"Менің жазбаларым соңғы ысқырыққа дейін сізбен тең дәрежеде жан берісіп, жан алысқан тамаша парагвайлық ойыншыларды мазақ еткеніңізді көріп, эмоцияның екпінімен, қан қызулықпен жазылғанын мойындаймын. Өзім сол сәтте қалай қорлансам, сол бетіммен жауап қатқаныма өкінемін. Менің сөздерім сізді оңдырмағанын түсінемін, өйткені қорлық сөз жүрекке ауыр тиеді. Енді сізден де сөздеріңізден бас тартып, менен кешірім сұрауыңызды талап етемін. Мені қорлауға жол бермеймін, сіз мені білмейсіз және мені лауазымыма лайық емес жиіркенішті әйел деп айтуға құқығыңыз жоқ". Селеста Амарилья
Амарилья өз мәлімдемесінде футболшының ізінен қалмайтынын және оны сотқа беретінін айтады.
"Мыңдаған парагвайлықтар маған дауыс берді және мені өздерінің бірі деп санайды. Менің басты міндетім – Парагвай халқының атынан сөйлеу, олар айта алмайтынды айтып, қажет болған жағдайда елімді жанымды пида ете отырып, қорғау. Сіз мені лайықсыз немесе жиіркенішті деп атайтындай кімсіз, бұл - гендерлік зорлық-зомбылық, өз халқының демократиялық жолмен дауыс беру арқылы өз лауазымына келген лайықты әйелге қарсы саяси зорлық-зомбылық. Әйел болғаным үшін мені жек көре беріңіз. Өз сөзіңізден бас тартып, француз азаматтығын құрметтеңіз және кешірім сұраңыз. Әйтпесе, мен сотқа шағымдана аламын". Селеста Амарилья
Атақты футболшы бұл ретте әлі жауап қатпады, өйткені ол келесі матчқа дайындалып жатыр.