Қазақстандық шахматшы қыздар Өзбекстандағы олимпиадада күміс медаль иеленді

Бибісара Асаубаева, шахмат, Өзбекстан, әйелдер құрамасы, күміс медаль, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.09.2026 17:11 Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында екінші рет күміс медаль еншіледі. 16-27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен шахмат олимпиадасына 400-ге жуық команда қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық шахматшылар жарысты жеңіліссіз аяқтап, 18 ұпаймен ІІ-орынға жайғасты.

Шешуші 11-турда Қазақстан әйелдер құрамасы Польшамен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті. Елназ Қалиахмет қарсыласын жеңсе, Алуа Нұрман бұл олимпиададағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалиденова партияларын тең аяқтады.

Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы 11 турда жеті рет жеңіп, төрт рет тең түсті. Құрама 1992 жылдан бері шахмат олимпиадасына қатысып келеді және өз тарихында алғаш рет жарысты жеңіліссіз аяқтады.

Алтын жүлдені 20 ұпай жинаған Қытай құрамасы иеленді. Үндістан 17 ұпаймен үшінші орын алды.

Қазақстандық шахматшылардың жеке нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. Бибісара Асаубаева 3 жеңіс және 7 тең нәтиже көрсетіп, үш олимпиаданы қатарынан жеңіліссіз өткізіп келеді. Алуа Нұрман 5 жеңіс, 4 тең және 1 жеңіліс тіркеді. Меруерт Камалиденова 3 жеңіс, 4 тең және 3 жеңіліс көрсетті. Елназ Қалиахмет 3 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс нәтижесімен өнер көрсетті. Зарина Нұрғалиева 2 жеңіс, 2 тең және 1 жеңіліс тіркеді.

Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылы Мажарстанда өткен олимпиадада тарихында алғаш рет күміс медаль алған болатын. Осы жолы қазақстандық шахматшылар бұл жетістігін қатарынан екінші рет қайталады.

Ерлер құрамасы соңғы турда Вьетнаммен 2:2 есебімен тең ойнап, 15 ұпаймен 20–30-орындар аралығында орналасты. Ерлер арасындағы жарыста Өзбекстан 20 ұпаймен чемпион атанды. Үндістан мен Германия 18 ұпайдан жинап, екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Айта кетейік, бұл шахмат олимпиадасы алғаш рет Өзбекстан аумағында өтті.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: