Андрей Мартин "Ордабасының" бас бапкері қызметінен кетті

Андрей Мартин "Ордабасының" бас бапкері қызметінен кетті, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.11.2026 10:13 Сурет: instagram/fc__ordabasy
"Ордабасы" футбол клубы мен бас бапкер Андрей Мартин еңбек шартын ұзартпау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Футбол клубының ресми ақпаратына сәйкес, мұндай шешім екі тараптың өзара келісімімен қабылданған.

Андрей Мартин 2024 жылғы желтоқсанда шымкенттік команданың бас бапкері болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен клуб алғашқы маусымында Қазақстан кубогының финалына дейін жетті.

Ал 2026 жылы команда тарихи жетістікке қол жеткізді: Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алды. Осылайша, "Ордабасы" клуб тарихында алғаш рет алтын дубль жасады.

Клуб басшылығы маманға атқарған жұмысы, кәсібилігі және команданың жетістіктеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

"Андрей Мартин "Ордабасының" жаңа тарихын жазуға атсалысып, клуб шежіресінде өшпес із қалдырды. Команданы алғаш рет алтын дубльге жеткізген бас бапкердің есімі клуб тарихында мәңгі сақталады", – делінген 2026 жылғы 10 қарашада жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ клуб бапкерге алдағы мансабында сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.

Әзірге шымкенттік команданың бас бапкері қызметіне кім тағайындалатыны және Андрей Мартиннің мансабын қайда жалғастыратыны белгісіз.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын, 2026 жылғы 7 қарашада Қазақстан футбол маусымы ел кубогының финалдық матчымен аяқталды. Шешуші ойында "Ордабасы" қызылордалық "Қайсарды" 4:1 есебімен ірі жеңіске жетіп, алтын дубль иеленді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: