WTA Елена Рыбакинаны жылдың үздік теннисшісі атағына үміткерлер қатарына қосты

WTA Елена Рыбакинаны жылдың үздік теннисшісі атағына үміткерлер қатарына қосты, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.11.2026 21:19 Сурет: ktf.kz
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша жыл сайынғы WTA Player Awards сыйлығының үміткерлерін жариялады. Жылдың үздік теннисшісі атағына үміткерлер арасында Қазақстан өкілі Елена Рыбакина да бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Басты жеке марапатқа Рыбакинамен бірге Беларусь өкілі Арина Соболенко, ресейлік Мирра Андреева, чехиялық Линда Носкова және украиналық Элина Свитолина таласады.

WTA-ның ресми сайтында хабарланғандай, Рыбакина биыл мансабындағы ең табысты маусымдардың бірін өткізді. 2026 жылы ол алты турнирдің финалына шығып, төрт рет чемпион атанды. Оның екеуі "Үлкен дулыға" санатындағы Australian Open және US Open турнирлеріндегі жеңістер болды. Қазақстандық теннисші екі финалда да сол кезде әлемдік рейтингтің көшін бастаған Арина Соболенкодан басым түсті.

Сонымен қатар Рыбакина Штутгарт пен Нинбо қалаларындағы турнирлерде жеңіске жетіп, Индиан-Уэллс пен Торонтода өткен WTA 1000 санатындағы жарыстардың финалына шықты.

US Open турниріндегі жеңісінен кейін теннисші мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. Ол маусымды да WTA рейтингінің көшбасшысы ретінде аяқтады.

Қауымдастық Рыбакинаның қатты төсенішті корттардағы нәтижесін де ерекше атап өтті. Бұл маусымда ол 41 рет жеңіске жетіп, 438 эйс орындады. Бұл көрсеткіштер бойынша ол барлық теннисшіден озып түсті.

Қазақстан тағы бір номинацияда да ұсынылды. Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жылдың үздік жұбы атағына үміткер атанды. 2026 жылы бұл дуэт Дохада өткен WTA 1000 санатындағы турнирде жеңіске жетіп, Australian Open, Индиан-Уэллс және Roland Garros жарыстарының финалына шықты.

Жалпы, WTA бес аталым бойынша үміткерлерді жариялады. Олар: жылдың үздік теннисшісі, жылдың үздік жұбы, жыл серпілісі, жылдың үздік жаңа ойыншысы және үздік оралу.

Жеңімпаздарды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері анықтайды. Нәтижелер 2026 жылғы 14 желтоқсаннан кейін белгілі болады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: