Төтенше жағдайдан кейінгі үрейден қалай арыламыз
Елдегі, әсіресе Алматыдағы ұрып, cоғу, өлтіру, ғимараттарды қирату оқиғалары әлеуметтік желі арқылы тарады. Сол фото-видеоларды көрген тұрғындар одан сайын үрейлене берді.
Мыңдаған адам оқиға орнында жүріп, зардап шекті. Ал одан да көп адам сыртқа шықпаса да, психологиялық жарақат алды. Олар қазір күйзелісте жүрген болуы мүмкін. Мұндайда көмектесу керек.Психолог Алиса Акмаева
Маманның айтуынша, қаңтардағы оқиға жайлы балалармен сөйлескен жөн. Оларға өтірік айтпаған дұрыс. Ересектер жарақат алған күннің өзінде де балаларға жағдайды барынша түсіндіруі керек.
Балаға түсіндірер кезде, қандай да бір ақпаратты көрсеткенде оның жасын ескерген дұрыс. Мысалы, 5 жасар балаға жаман адамдар, бандиттер бар екенін түсіндіріп, далаға шығу қауіпті екенін айту керек. Ал жасөспірімдермен болған оқиға туралы әңгімелесіп, талқылауға болады.
Балаларға жағдайды эмоционалды реңксіз жеткізу қажет. Бала үйде отыру қауіпсіздік жағынан маңызды екенін ұғынсын. Жасөспірімдермен ақпаратты ашық талқылаңыз. Себебі әлеуметтік желілер арқылы басқаша ақпарат тарауы мүмкін. Баланың қандай контент оқитынын үнемі біле бермейміз. Ең жақсысы – жаңалықты бірге қарап, талқылау.Алиса Акмаева
Психологтың сөзінше, ересектердегі мазасыздық пен қорқыныш – өміріне қауіп төндіретін ақпаратқа реакциясы ғана. Қарапайым кеңестерге сүйеніп, мұндай күйзелістен оңай арылуға болады.
Сурет психологтың жеке архивінен
Қазір жағдай тұрақталып қалды. Әлі де үрейде жүрген адамдар өзін қолдайтын жақындарымен, достарымен әңгімелескені дұрыс. Сонымен бірге психологиялық қолдау көрсететін "1414" желісіне жүгінуге болады. Тәртіпсіздікке қатысты пікіріңізді әлеуметтік желіде бөлісу жағдайыңызды қалыпқа келтіруге көмектеспейді.Алиса Акмаева
Маманның кеңесінше, эмоцияны шығарған дұрыс. Эмоцияға ерік бергенде адам жеңілдеп қалады. Содан соң көңіл-күйді бұзатын нәрсеге жақындамаған жөн. Ал әзілдеу, жігерлендіретін сөздерге назар аудару, позитивте болу әрдайым тиімді бола бермейді.
Кейбірі қауіптің енді жоқ екенін осылай ғана түсінеді. Егер адам төтенше жағдайға дейін бірнәрсені жоспарлаған болса, соны талқылау арқылы мазасыздықтан арыла алады.Психолог Алиса Акмаева
Маманның айтуынша, адамның психикасы көбіне тұрақты. Ол қиын жағдайларды жеңуге қабілетті, төзімді. Адамдардың шамамен 85%-і күйзеліспен өзі күресе алады. Тек 15%-ы ғана дағдарысқа ұрынуы мүмкін. Мұндайда маманның көмегі қажет.
Адам әлі де қауіптеніп жүрсе, біртүрлі түстер көруі мүмкін. Ал тәбеті жоғалып, ұйқысы бұзылса, ол адамға көмектесу қажет. Психолог әр адам өзінің психологиялық ахуалына мұқият болғаны дұрыс деп отыр. Әйтпесе жағдайды ушықтырып алу қаупі жоғары.