Отандық ғалымдар ұшқышсыз ұшатын әскери аппарат жасап шығарды
Қазақстанда әскери мақсатта пайдаланылатын әскери дрондар жасалады. Бұл туралы «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы Жоғары дәлдіктегі спутникалық навигация орталығы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Зернов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа ұшу аппаратын қазақстандық ғалымдар 2 жыл ішінде жасап шығарған.
«Бұл модель – «Конвертоплан» деп аталады. Ол қуатты қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл дрон тікұшақ сияқты ұшады және 1,5 келі жүкті көтере алады. Сонымен қатар, видеоға түсіріп, инфрақызыл режимде аэрофототүсірілім жасай алады. Аталған модель күштік құрылымдардың қызметіне негізделген. Олар осы дронның көмегімен барлау жұмысын жүргізіп, нысанды тиісті жеріне жеткізе алады», - дейді Дмитрий Зернов.
Ол сынақ жұмыстары сәтті аяқталса, аталған ұшу аппаратын көптеп жасалатынын атап өтті.
«Қазіргі таңда біз әскери құрылымдармен аталған дронды сынақтан өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ жаз айында да тәжірибе жұмыстарын жүргіземіз.
Нарықтағы ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары катапульта арқылы ұшады. Ал мұнда олар квадракоптер принципі бойынша жұмыс істейді. Оған катапульта қажет емес. Дрон тұрған жерінен ұша береді. Дронның қуаты 1,5 сағатқа жетеді. Сонымен қатар қосымша 1,5 сағат жұмыс істей алады. Әскери тәжірибелер сәтті аяқталса, аталған аппаратты жаппай шығаратын боламыз», - деді директор.
Сондай-ақ, Дмитрий Зернов жаңа «Конвертоплан» нарықтағы ұшқышсыз ұшатын аппараттардан бағасы айтарлықтай арзан екенін алға тартты.
«Ол уақытты талап етеді. Сонымен қатар нарықтағы бәсекелес ұшқышсыз ұшатын аппараттармен салыстырғанда біздің өнім олардан 2 есе арзан. Оның құны – 6-7 млн теңге. Ал нарықтағы ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының бағасы 12-15 млн теңгеден, тіпті 30 млн теңгеден жоғары болады», - деп түйіндеді сөзін директор.
Дәурен Ерболат