Қазақстандықтар өз атына қанша нөмір тіркелгенін тексере алады
Енді қазақстандықтар өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады.
Бұл сервис http://imei.rfs.gov.kz/checkiin сілтемесі бойынша қолжетімді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап..
Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін азаматтың ЖСН-ін енгізу жеткілікті. Жүйе тіркелген нөмірлердің санын және қандай ұялы операторды да көрсетіп береді.
Егер абонент өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгенін анықтаған жағдайда Телекоммуникациялар комитеті белгісіз нөмірді жаптыруды ұсынады.
"Бізге азаматтар өз аттарына белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгені туралы жиі шағымданады. Сондықтан да біз қазақстандықтарға өз атына тіркелген нөмірлердің санын тексеруді ұсынамыз, себебі сіз сол нөмірді пайдалану үшін жеке жауапкершілік аласыз", - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мобильді телефондар SIM-карта иелерінің ЖСН-на байланған. 2018 жылдың ішінде өз ЖСН-ын SMS арқылы тіркемеген абоненттердің телефондары автоматты түрде тіркеліп, (2019 жылдың 1 қаңтарына) пайдаланылатын SIM-карталарға байланған.