Beeline Қазақстанда 5G-ге көшіп алайын деп жүр
15 қазанда Beeline Қазақстанда сынақ режимінде бесінші буын желісін іске қосты, деп хабарлайды zakon.kz.
Алматы қаласы тұрғындары "Көктөбе" саябағында және Жолдасбеков көшесіндегі Dostyk Plaza орталығындағы серуен аймағында жаңа технологияны қолдана алады. Сынақ кезінде осы аймақтардағы 5G жылдамдығы секундына 1,6 гигабитке жетті.
2019 жылы Beeline Шымкентте 5G пилоттық жобасын елімізде бірінші болып іске қосты, ал қазір біз технологияны Алматыда өз клиенттеріміз үшін қолжетімді еттік. Бесінші буын желісі бұрынғыдан 10 есе жылдам, бұл – елдегі байланыс дамуының жаңа деңгейі. Біз клиенттерімізге осы технологияның қуатын қазірдің өзінде "сезінуге" мүмкіндік бергіміз келеді, - деді Beeline Қазақстанның техникалық директоры Олег Снимщиков.
Алматыда 5G-ді Huawei, Xiaomi, OnePlus, Poco смартфондарының бірқатар үлгілерінің иелері тексере алады. Тестілеу уақытында оператор 5G желісінде лимитсіз және тарифтелмейтін трафикті ұсынады.
Сарапшылар әлемде мұндай жоғары жылдамдықты қажет ететін қызметтер мен контент аз екенін айтады. Бүгінгі таңда 5G технологиясы ірі өнеркәсіптік компанияларға қажет, мысалы, жабдықты қашықтан басқару немесе кез-келген қашықтықта деректерге жедел қол жеткізу.
Естеріңізге сала кетейік, Beeline Қазақстан – еліміздегі ең ірі жеке байланыс операторы. Компания 10 млн-ға жуық абонентке қызмет көрсетеді және Қазақстанның ірі салық төлеушілері қатарына кіреді.
Бақытжан Отарбаева