Қазақстанда 11 айда құрылыс материалдары өндірісі 9,2%-ға өсті
Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Жалпы ішкі өнім құрылымында құрылыс үлесі 2020 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша 6,1%-дан 2021 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 6,25%-ға дейін өсті. Аталған сала ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен өсу драйверлерінің негізгі көздерінің бірі. 2021 жылғы 11 айда құрылыс саласының өсу қарқыны 6,2%-ды құрады, бұл экономика бойынша өсудің орташа қарқынынан айтарлықтай жоғары.
Биыл Қазақстанда шамамен 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 163 мыңнан астам азаматты жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді пайдалануға беру 1,6 млн шаршы метрді құрайды, осылайша 29 мыңға жуық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартады.
Үкіметте отандық өндірісті дамыту бойынша белсенді шараларды іске асырып жатқаны айтылды. Осылайша, биыл 76 млрд теңге сомасына құрылыс материалдарын өндіру бойынша 34 ірі жоба іске асырылды, 2,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Іске асырылып жатқан шаралар аясында құрылыс материалдары өндірісі саласында жоғары қарқын байқалады. 11 айдың қорытындысы бойынша өсім 9,2% құрады. Нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай 1 трлн теңгеден астам сомаға құрылыс индустриясының 165 жаңа жобасы іске асырылатын болады. Бұл 2025 жылға қарай импорт үлесін 42%-дан 27%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту құрылыс материалдары бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етеді және импортқа тәуелділікті азайтады. Бұл жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин
Нарықта делдалдардың жұмысына жол бермеу және құрылыс материалдарының құнын арзандату мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, 2022 жылғы 1 наурызға дейін «Маркетплейс» онлайн алаңын өнеркәсіптік пайдалануға беру тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, әкімдіктермен бірлесіп құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсу фактілері бойынша уақытылы әрекет ету шараларын қабылдау және тұрақты бақылау тапсырылды.