Қазақстан АҚШ-ты энергетикалық жобалар бойынша өтетін аукционға қатысуға шақырды
28 желтоқсанда ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы миссиясы басшысының орынбасары Джуди Куомен кездесу өткізді, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында ЖЭК-ті дамыту, мұнай-газ кешенін дамытудың перспективалары, энергетикалық көшу және АЭС-ті салу мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде, Энергетика министрі 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасында теңдікке, адал бәсекелестікке және ашықтыққа негізделген халықаралық аукциондық сауда-саттықтың ашық тетігі қолданылатынын айтып, америкалық тарапты 2022 жылы өтетін аукциондарға қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, Джуди Куо ханым «Development Finance Cooperation» американдық дамуды қаржыландыру институтын құру туралы ақпаратпен бөлісіп, олардың АҚШ-тың ЖЭК саласындағы инвестицияларының негізгі бағыттарының бірінде Орталық Азиядағы негізгі әріптес ретінде Қазақстанмен ынтымақтасуға қызығушылығы туралы хабарлады.