ІІМ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа шараларын ұсынды
Отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтарға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуға келетін болсақ, осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегі ретінде 5 тәулік белгілеу, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарлануда. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов
Сонымен қатар, оның айтуынша, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу көзделуде.
Сондай-ақ, министр заңсыз әрекетті қайталап жасаған кезде мұндай құқықты алып тастау арқылы тараптардың сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл басбұзар немесе өзге де тұлғаның зардап шегушіге көрсететін психологиялық қысымын тыюға мүмкіндік береді. Әкімшілік жаза шараларын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталуда: көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстарға жегу жайы қарастырылды. Жазаның бұл түрі ықтимал басбұзардың өз мінез-құлқын ауыздықтауға мотивация береді. ІІМ басшысы
1 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстың кейбір түрлері үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.
Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көптеген жағдайына көз жұма қарауға болмайтынын айтып, жанжал шығарушылардың жазасыз қалуы осы сипаттағы құрбандардың қорғансыздығын танытатынын атап өтті.