"Үшіншісі зорлап жатты". Қостанайда қыз зорлағандарды ұстаған күзетшінің өзі сотталуда
Қостанайда қыз зорлағандарды құрықтаған күзетші сотқа тартылғалы жатыр. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz Наш Костанай порталына сілтеме жасап.
"GBR-Arystan" күзет пультіне келіп түскен дабылға сәйкес күзетші Шыңғыс Исахметов 23-24 маусымға қараған түні оқиға орнына жеткен. Амангелді көшесінде орналасқан №15 балалар бақшасының күзетшісі дабыл түймешесін басқан.
- Біз балабақшаға 3-4 минутта тез жеттік. Күзетші бізге өз аумағында бір қыздың айқайлап, көмек сұрағанын жеткізді. Мен әріптестеріммен бірге оқиға орнына жүгіріп бардым. Біз куә болған жайт төбе шашымызды тік тұрғызды. Екі сотқалдай еркек қызды ұстап тұрды, ал үшіншісі оны зорлап жатты. Қыз барынша қарсыласып бағуда екен, - деп еске алады Шыңғыс Исахметов. Шұғыл күзет қызметкерлерін алыстан байқаған олар тым-тырақай жан-жаққа қаша жөнеледі. Екеуі бір жаққа, ал зорлаған адам Абай даңғылындағы жеке секторға сүңгіп, жоқ болады. Шыңғыс та олардың ізінен қуып кеткен.
- Мен оларға тоқта дедім, бірақ олар айқайлап сөйлеп, мұныма көнетін түр байқатпады. Көп ұзамай бірінің қолынан бір нәрсе жалт етті. Басыма келген алғашқы ой - пышақ. Бір рет аяғымды жарақаттаған едім алдында, содан бұл жолы істі оған жеткізбейін деп шештім. Сөйтіп ауаға ескерту түрінде бір рет оқ аттым. Бірақ олар қаша берді. Сол кезде оларға қарай тағы бір рет оқ аттым. Біреуінің ішіне оқ тиген секілді. Ол біразға дейін жүгіріп, ақыры тоқтады. Мен бірден жедел жәрдем шақырып, 102-ге қоңырау шалдым, - дейді Шыңғыс.
Осы кезде қашықтан басқару пультінің басқа офицерлері де екі қашқынды құрықтапты. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері барлығын бөлімге апарған. Бірақ полицияда жағдай,тіпті басқаша сипатқа ұласыпты.
Ақырында осы оқиғада қаскөйлерді қуған Шыңғыс Исахметовке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы, яғни "Жеке күзет қызметі қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану" бойынша іс қозғалды. Бұл бап 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Полиция бөлімі "GBR-Arystan" күзетшісінің қару қолданғанын растады.
- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығарылады. Осыған байланысты "Исахметов өз өкілеттіктерін асыра пайдаланды ма" деген сұраққа жауап бере алмаймыз", - деп түсіндірді полиция департаментіндегілер.
Сонымен бірге, ҚР Қылмыстық Кодекстің 120-бабының 2-бөлімі, яғни "Бір топ адамның зорлауы" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны да айтылды. Бірақ бұл іске қатысты күдіктілер қамауға мүлде алынбаған.
- Бұл жағдай мені дел-сал қып тастады. Менің сұрағым көп, бірақ оған мұнда ешкім жауап бергісі келмейді. Қараңызшы, сонда дабыл түймешесі іске қосылды делік, біз оқиға орнына барып ұрының, кісі өлтірушінің немесе қыз зорлаушының ісін тындырып біткенін күтіп тұруымыз керек пе? Содан кейін біз оларға сыпайы түрде "беріліңіздер" деп өтініш жасауымыз керек пе? Артынан қумауымыз керек пе, бас салса, қарсылық көрсетпеуіміз керек пе - деп ренжиді Шыңғыс Исахметов.
Көмектескен адамға 3 жылдан 8 жылға дейін жаза кесіліп жатқанда, қыз зорлағандар 2,5 жыл түрмеге отырады деп те болжауға болады, оның өзінде олар бір жылдан кейін шартты түрде босап алуы әбден мүмкін көрінеді.