Алматы облысындағы дауға байланысты ҚХР Бас консулы мәлімдеме жасады
8 қазанда Алматы облысында "Citic Construction" ЖШС-да істейтін жергілікті тұрғындар осы фирмада істейтін Қытай азаматтарын ұрып-соқты. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған дейін 7 қазанда Алматы-Өскемен тас жолын жаңалап салып жатқан ЖШС жұмысшылары арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан Қытай Халық Республикасы азаматтарының бірі (Қ.Ж.) - этникалық қазақтың денсаулығына жеңіл дәрежеде жарақат келтірілген. Осы оқиғаға байланысты Алматыдағы ҚХР-дың Бас консулы Гэн Липин БАҚ алдына шығып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Гэн Липин қытай жұмысшысынан көмек сұраған шағым-хат алған.
- Хатта ол Қазақстандағы жолдарды қалпына келтіру жұмысына тартылған жұмысшы екендігін айтқан. Оны 8 қазанда бірнеше жерлес әріптестерімен бірге мәселенің мәнісін дұрыс ұғынбаған жергілікті тұрғындар сабап тастаған. Оның екі жолдасы сүйектері сынып, ауруханаға жеткізілген. Ол Бас консулдық өздеріне көмек көрсетеді деп үміттенеді. Шынымды айтсам, осы хатты оқығаннан кейін, бас консул ретінде, қатты уайымға түсіп, ашуға берілдім. Мен күтпеген жерден шабуылға ұшыраған отандастарым үшін алаңдаймын. Мұндай оқиғаның Қазақстан сияқты бейбіт және көпэтносты елде орын алғаны мені одан сайын толғандырып, көңіліме қаяу түсіреді. Кінәлілер заңға сәйкес, өз жазасын алады деп үміттенемін, - деді Бас консул.
Ол бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан осы оқиғаға қатысты көптеген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, ондағы кейбір фактілердің, тіпті ойдан құрастырылғанын айтты.
- Осыған байланысты мен Бас консулдыққа келіп түскен істің нақты мәліметтерін бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлісуге дайынмын. Негізінен, жұмыс барысында жергілікті жұмысшылардың бірі жұмыс ережелерін бұзуы себеп болған, салдарынан жолдың бір бөлігі бүлінген. Қытай тарапының басшысы жұмыс ережесіне сәйкес тәртіп бұзған жұмысшының әрекетін сынап, олқылықты жөндеуді талап еткен. Ал ол бұған көнгісі келмей, өзінікін дәлелдемек болып, ақырында жұмысшылар арасында дау туған.
Кейін тараптар татуласып, дау біткен. Алайда, келесі күні таңертең қытайлық жұмысшылар жұмысқа жиналып жатқанда, оларды белгісіз бір адамдар қоршап алып, ұрып-соққан. Салдарынан көп қытайлық жұмысшы жарақат алған, - дейді Гэн Липин.
Ол қытайлық жұмысшылардың қазақстандық жұмысшыларды ұрып-соқты, қытайлық жұмысшылар балалар еңбегін пайдаланды, қытайлық компания ұсынған тамақ пен баспананың нашарлығы туралы жаңалықтар қайдан шығытанына таң қалады.
- Қытайда "бай болғың келсе, ең алдымен жол сал" дейді. Бұл - өзімізде сыналып, тәжірибеде өз нәтижесін көрсеткен ақиқат. Автожолдар салу үшін қытайлық кәсіпорындардың Қазақстанға келуі - бұл біздің көршіміз - Қазақстанға инфрақұрылымды жақсартуда және бақытты және болашақ гүлденген мемлекет құруға қосқан шынайы көмегіміз, оны Қазақстан үкіметі және көптеген қазақстандықтар құптады.
Жақында ғана Қытайға жасаған мемлекеттік сапары кезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзипинмен бірге бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды, оларға сәйкес Қытай мен Қазақстан болашақта іскерлік ынтымақтастық салаларын кеңейтіп, сол арқылы екі елдің халқына бақ-қуатты өмір құруға жағдай жасайды, - деп атап өтті Бас консул.
Оның пікірінше, болашақта екі ел арасындағы ынтымақтастық белгілі бір қиындықтарға тап болады, оның ішінде Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынасына көз алартушылар болады, Қазақстанның тұрақты дамуын қаламайтын, екі елдің үкіметтеріне арандату мен жала жабу үшін мүмкіндік іздейді және қазақстандық-қытайлық жобалардың іске асуына кедергі келтіріп, Қазақстанның дамуын бәсеңдетуге тырысатын күштермен немесе тұлғалармен бетпе-бет келуі мүмкін.
"Бірақ мен екі ұлы ұлт - Қытай мен ата-бабалары мұра еткен даналығының арқасында барлық қиындықтарды жеңіп, кез-келген қиындыққа төтеп беретініне сенімдімін. Даналық пен әділеттілікке толы атақты философ және ақын Абай Құнанбаевтың туған жерінде туып-өскен, мейірімді және қонақжай Қазақстан халқы жақсылықты жаманнан ажырата алатынына және шындықты бағалау үшін жүрегінде өзіндік таразысы барына мен бек сенімдімін", - деді Гэн Липин.
Оқи отырыңыз: Алматы облысы тұрғындары қытайлық жұмысшыларды сабап тастады