Қазақстан Қытайда қалып қойған өз азаматтарын неге алып шықпайды?
ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров «бірқатар мемлекет өз студенттерін Қытай Халық Республикасынан шығарып алып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол іс жүзінде Қытай ешбір елге өз азаматтарын әкетуге рұқсат бермегенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
"Жаңа вирус тараған Уханнан бірқатар мемлекет, оның ішінде Өзбекстан мен АҚШ өз азаматтарын эвакуациялағалы жатыр" деген ақпарат БАҚ беттерінде жарияланды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров карантин енгізілгенге дейін министрлік осы қаладағы қазақстандықтардың саны туралы ақпарат жинап, түрлі сценарийге дайын болғандығын айтады. Бірақ Қытай билігі Уханды жауып тастап, қазір одан ешкімді шығармай жатыр.
ҚХР-дағы қазақстандық дипломаттар басқа елдердің елшіліктері сияқты қазақстандықтарды эвакуациялау жолдарын қарастыруды бастады. Карантин жариялаған алғашқы күні-ақ олар Қытай тарапына осындай мүмкіншілік беру туралы тиісті хаттар жолдады.
- Қытай тарапы әлі ешбір елге мұндай рұқсатты берген жоқ, қалалар карантинге жабылған. Бірақ әр ақпарат өзінше тарауда... , - деп жазды Смиядияров Facebook-тегі парақшасында.
Бұған дейін ҚР СІМ Уханда жүзге жуық қазақстандық студенттің бар екенін хабарлаған. Дипломаттар олармен байланыста. Жалпы, Қытайда 10 мыңнан астам қазақстандық студенттер бар. Олардың барлығы консулдықта тіркелмеген, сондықтан оларға бірден көмекке келу мүмкін емес.